"Сөйлесуге тыйым салған": марқұм Айгүл Сайлыбаеваның көрген қорлығы жайлы туысы айтып берді
Күйеуі Айгүл мен қызының барлық құжаттарын тартып алып, оларды үйден бөлек жерге жасырған.
Германияда өлі табылған қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ағасы қарындасының күйеуінен қорлық көріп жүргенінен мүлдем хабары болмаған. Оның айтуынша, күйеубаласы бір жерде тұрақтамайды екен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Ертысбаев Live” YouTube арнасына сілтеме жасап.
Алайда күйеуінен таяқ жеп келген марқұм денесіндегі жарақаттарын суретке түсіріп, құрбысына жіберіп отырған.
“Олар Қазақстанан көшіп кеткен соң Мәскеу қаласында тұрды. Кейін Германияның Лейпциг қаласына барып, одан соң Бенсхаймға қоныс аударды. Өткен жылы Майами қаласында тұрды. Кейін қайта Бенсхаймға барды. Қазір байқап қарасам аз уақытта олар бірнеше қала, ел ауыстырыпты. Александр Донцов бір жерде тұрақтай алмайтын болып көрінетін.
Мүмкін біреуден қашып жүр ме екен?! Оның қанша азаматтығы бары бір Құдайға ғана аян. Ол отбасылық өмірінің жағымсыз тұстары жайында айтпайтын. Біз бұл туралы мүлдем білмедік. Отбасын мүмкін үлгілі ретінде көрсеткісі келген шығар. Күйеуі мен оның анасын сөзге қалдырмас үшін көп нәрсені жасырып қалатын”, – дейді Айгүлдің ағасы.
Айгүл Қазақстанға соңғы келгенінде сіңлісіне отбасының жағдайын айтып, күйеуімен ажырасқысы келетінін жеткізген. Бірақ күйеуі оны баламен қорқытып келген.
“2024 жылдың 6 ақпанына дейін Айгүлдің жағдайы жақсы деп ойладым. Бірақ екеуіміз кездескенде Александр Айгүл мен қызының барлық құжаттарын тартып алғанын және үйден бөлек жерге жасырғанын білдім.
Ол Айгүлге қызымен бірге үйден шығуға, жақындарымен сөйлесуге тыйым салған. Александр Айгүл артық әңгіме айтып қояды деп қорыққан. Қазақстанда қалуына кеңес бергенімде қызы үшін Германияға қайтуы керегін айтты. Егер осында қалса, онда күйеуі оны бала ұрлады деп полицияға барады екен”, – дейді Жұлдызай Абудбаидова.