Астанадағы ШЫҰ саммиті кезінде мемлекеттік қызметкерлер қашықтан жұмыс істейді
Мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің 70%-ына дейін қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылуы мүмкін.
Астанада 3-4 шілдеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті өтеді. Бұл күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Азаматтарға ыңғайлы болу мақсатында, әсіресе жолдарда кептеліс болмас үшін 2-4 шілде аралығында мемлекеттік мекемелерге және квазимемлекеттік секторларға қызметкерлерінің 70%-ына дейін қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру ұсынылады", - деп жазылған хабарламада.
Сол сияқты 3-4 шілде күндері мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істемейді.
Әкімдік ірі халықаралық іс-шараларды өткізу барысында күшейтілген қауіпсіздік шараларын қабылдау және азаматтарға ыңғайлы болу үшін ішінара қашықтан жұмыс істеу тәртібін енгізу әлемдік тәжірибе екенін атап өтті.