Атырауда адамды ұрып өлтіру: күдіктінің бұрын да сотты болғаны белгілі болды
Ер адам осыдан 4 жыл бұрын осыған ұқсас қылмысы үшін - денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша сотталған
Атыраудағы базарда 56 жастағы ер адамды ұрып өлтірді деп айыпталған азаматқа қатысты жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Анықталғандай, ер адам осыдан 4 жыл бұрын осыған ұқсас қылмысы үшін - денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша сотталған болып шықты.
«Атырау қаласының №2 сотының 2020 жылғы 18 маусымдағы үкімімен Ахмедов Мұхтар ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыға үкім процестік келісім шеңберінде тағайындалады. Жаза тағайындау кезінде қылмысы үшін өкінуі және қамқорлығында жас балалардың болуы сотталғанның жазасын жеңілдететін мән-жай деп танылмады», - деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Кейін Атырау қалалық пробация қызметі рақымшылыққа байланысты негізгі жаза мерзімін қысқарту туралы ұсыныспен сотқа жүгінген. Атырау қаласының N 2 сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен Атырау қаласының пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылды. Сотталған Ахмедовтың жазасының өтелмеген бөлігі 7 ай 18 күнге қысқартылды.
«Сотталушы шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сотқа жүгінді. Атырау қаласының N 2 сотының 2022 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен сотталушының өтінішхаты қанағаттандырылып, бас бостандығын шектеудің қалған мерзімін – 7 ай 27 күнді одан әрі өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды», - деп қосты облыстық сот.