Нысан құлаған жерінде жарылып, 95 гектар аумақты отқа ораған.
Мамандар БҚО-да аспаннан құлаған белгісіз заттың не екенін анықтады. Ресейдің Капустин Яр сынақ алаңынан ұшырылған ракета кенет істен шығып, оның кейбір бөлігі қазақ жеріне түскен деп хабарлайды КТК арнасы сілтеме жасаған KYN.KZ.
"Біздің мамандар оқиға орнына жетіп, барлық лабороториялық, химиялық сараптамалар алды. Анық болғаны,құлаған заттан ауаға ешқандай радиация тарамаған. Зымыранның қандай бөлшегі екенін арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр", - дейді БҚО экология департаменті басшысының орынбасары Мұрат Ермекқаливев.
Айта кетейік, зымыран бөлшегі Қазталов ауданындағы иен далаға 4 шілде түнде түскен еді. Нысан құлаған жерінде жарылып, 95 гектар аумақты отқа ораған.
Қызыл жалынмен алысқан төтеншеліктер өртті 4 сағатта әрең ауыздықтапты. Ауыл сыртында болған оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Әбден шошып қалған тұрғындар тек байланыстың үзілгенін айтады.