"Мені кіші сержант ұрды": Жансақтау бөлімінде жатқан сарбаздың ата-анасы бар шындықты айтып, ашық сұхбат берді
Сарбаздың жақындары алдағы уақытта жеке клиникада ем алуды жоспарлап отыр
9 маусым күні, айдың-күннің аманында жансақтау бөлімінен бірақ шыққан қатардағы сарбаз Нұржігіт Асанұлының беті әлі бері қарамаған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр. Жар дегенде жалғыз ұлынан айырылып қала жаздаған сарбаздың ата-анасы Massaget TV тілшісіне істің мән-жайын түгел баяндап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
2024 жылы, 15 мамырда өз еркімен әскерге кеткен 19 жастағы Қостанайлық Нұржігіт Асанұлы 9 маусымда Қордай аудандық ауруханасының комасына түскен. Жамбыл облысындағы Отар ауылындағы N30212 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге кеткен сарбаздың жағдайы әзірге жұмбақ.
Қайғылы оқиға, 9 маусымда Нұржігіттің анасы Жанна Жаналинаға, әскери полиция қызметкері қоңырау шалғанда белгілі болған. Олар баланың ЖРВИ диагнозымен әскери-медициналық орталыққа түскенін жеткізіпті. Алайда, сарбаздың жағдайы нашар екені артынша белгілі болған.
Сарбаздың анасы, баласымен жиі байланысып тұрғанын айтады. Бірақ соңғы рет 7 маусымда телефон соққанда, нашар байланыс кесірінен баланың даусы естілмеген.
"Нұржігітпен соңғы рет 5 маусымда сөйлестім. Ол кезде "мама, уайымдамаңыз, бәрі жақсы" деген. Кейін, 7 маусымда тілдеспек болып хабарласқанымызда, баламның нашар байланыстан, қыжылдап шыққан "Алло, мама, мама..." дегенінен басқа ештеңе естімедім.", - дейді анасы Жанна Жаналина.
Бірақ осыдан кейін баланың жағдайын Жанна Жаналина тек әскери полициядан естіген.
"Тоғызы күні, таңға жуық, әскери полиция қызметкері соғып, баламның ЖРВИ диагнозымен ауруханада жатқанын жеткізді. Бірақ, еш алаңдамауымды, бәрі жақсы екенін қайта-қайта қайталады. Сол кезде ішім бір жамандықты сезгендей болды. Хабарласқан адамға баламды бейне қоңыраумен көрсетуді сұрап, оны көрмесем тыншымайтынымды жеткіздім. Әскери полиция қызметкері сонда "Қазір, командирге ескертейін. Балаңыз өзі сізге байланысқа шығады" деп мені тыныштандырды" , - дейді анасы Жанна Жаналина.
Бірақ, сарбаз анасына келесі қоңырау баладан емес, командирден түскен. Ол, баланың жағдайы ауыр екенін, қазір комада арнайы апаратқа қосылғанын жеткізіп, науқасқа қарап отырған дәрігердің нөмерін берген. Дәрігер Жанна Жаналинаға балаға ЖРВИ диагнозы қойылғанын, пациенттің екі өкпесі қабынғанын айтып, ата-анасының жедел Қордайға келуін сұрапты.
Баласының аяқ - асты өкпесі қабынғанына анасы сенбейтінін жеткізді. Өйткені "үйден кеткеніне әлі ай болмаған, әскери медициналық тексерістен толық өткен, әрі спортпен айналысатын баланың аз уақытта ауырып қалуы күмәнді", дейді Жанна Жаналина.
"Дәрігерлерге тоқтамай хабарласып мән-жағдайды анықтаған соң жолдасыммен дереу жолға шықтық. Қордайға жақын отырған туған-туыстарыма хабарласып, біз барғанша балаға бас көз болыңдар деп, оларды ауруханаға бағыттадық. Кейін, олардан естіген жағдайлардан, мен жағамды ұстадым, - дейді анасы Жанна Жаналина.
Ауруханаға барған жігіттің туыстары, оны көрсек деп палатасына кірген. Баланың денесін қарап, аяқ-қолын ұстап көрген жақындары артық бір соққы белгісін байқамаса да, дененің мұздай екенін сезген. Жақындарының сұрауына дәрігер "балада клиникалық өлім" болды деп жауап қатқан.
Сарбаздың ата-анасы алғашқы қоңырау түскен күннің ертесінде Қордай ауданына барған. Ауруханаға жеткен пациент жақындарын дәрігерлер күтіп алып, баланың толық жағдайымен таныстырыпты. Кейінірек баласын көрген ата-ана, ұлының денесінен күдікті нәрсені байқаған.
"Дәрігерлер "баланың ертеңін болжап айта аламаймыз, өйткені жағдайы өте ауыр", - деді. Баланы көрмек ниетте біз де палатаға бардық. Ең бірінші үсті-басын толық тексеріп шықтым. Көгерген, қызарған жерлер байқалмады. Десе де бір бүйіріндегі сарғыш-қоңыр дақ назарымды аудартты. Бейне бір енді қайтып келе жатқан соққы ізі сияқты", - дейді әкесі Тимур Жаналин
Дәрігерлер осы сәтте стерильді аумақта көп болуға болмайтынын ескертіп, пациенттің ата-анасын шығарып салған. Ауруханадан шыға сала уақыт жоғалтпай істің мән-жайын білу үшін, баланың жақындары әскери бөлімшеге жол тартқан.
"Бізді әскери бөлімшеге дейін әскери қызметкерлері алып жүрді. Бөлімшеде алдымыздан тергеуші шықты. Ол тергеу кезінде бірнеше фактілер анықталғанын жеткізді. Тергеушінің сөзінше, 6 маусым күні, сапқа тұру кезінде бір оқиға орын алған. Куәгерлер де бар екен", - дейді әкесі Тимур Жаналин
Сарбаздың жақындары алдағы уақытта жеке клиникада ем алуды жоспарлап отыр екен. Тіпті, арнайы қор ашып, қаражат жинауды бастап кеткен. Оқиға жайлы егжей-тегжейлі біздің You Tube арнадан көре аласыздар.