«Күйеулерін масқаралайтындар көбейді»: Сара Тоқтамысова отбасылық жанжалға тек еркекті кінәлауға болмайтынын айтты
Сара Тоқтамысова күйеулеріне жазықсыз күйе жағатын әйелделдің де барын айтты
Ақын Сара Тоқтамысова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына қатысты өз ойын айтты. Ол күйеулерінің ұрғанын мәлімдеп жүрген кейбір әйелдерге ренішін білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ақын өзінің желідегі парақшасында жазды. Айтуынша, заң шыққалы бері көп әйел күйеулерін халық жауы құсатып ұстап беріп жатыр екен.
«Мен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын. «Қарсы емеспін» дейтін әйел жоқ шығар. Қисық қабырғаңнан жаратылған жанды өз әлеміңе сай етіп түзеп алам деу ең ақымақ еркектің қағидасы. Оны ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың. Егер әйелің көзіңе жын боп көрінсе, басқа жолын тап. Одан ба босата сал. Ұрып-соғып, әке-шешесінен боқтап жөнге салу деген бос әурешілік. Әйелге қолын тигізіп, әке-шешесінен боқтаған күні еркек өзінің «еркек» деген құнын түсіріп алады. Осыны ойлаңдар, азаматтар»,- дейді Тоқтамысова.
Сондай-ақ, ол отбасындағы жанжалға тек бір адам ғана кінәлі еместігін жазады. Кейбір кезде ағаттық әйелдерден де кететінін жеткізді.
«Мұның екінші жағы бар. Қазақстанда заң шықты екен деп пәлен жыл отасқан күйеулерін халық жауы құсатып ұстап беріп жатқан әйелдер де шығып жатыр. Біздің әйелдердің, тіліміз өте ұзын. «Қой» дегенде қоя салмай кей жігіттің тілін шығарамыз. Сондықтан болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйені жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдерді Құдай кешірсін. Ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайды, соны сарапқа салып ойлану керек деп ойлаймын. Біреудің өміріне араласып, пікір жазып уақытыңды бос кетірмей, өзіңме айналыс,өзіңе арна уақытты», - деп жазды ақын.