Германияда өлі табылған қазақстандық әйелдің ізін суытқан енесі туралы тың дерек шықты
Наталья Донцова ұзақ жылдар бойы өз анасының қол астында жұмыс істеген.
Германияда қаза тапқан Айгүл Сайлыбаеваның ісі бойынша тергеу жұмыстарына кіріскен 35 неміс тергеушісі жоғалып кеткен енесі Наталья Донцованы іздестіруде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Airan медиаға сілтеме жасап.
Талдықорған тумасы Наталья Донцова бірнеше жыл өзінің анасы Юлия Васильенконың қол астында жұмыс істеген. Ол ұзақ уақыт бойы Центркредит Банкінің филиалын басқарып келген. 2018 жылы Донцова Ресейге қоныс аударған. Оның екі елде де азаматтығы болғаны анықталды.
Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті тапқан «Отандас» еріктілер тобының төрағасы Әсет Бейсенов ол жерде чемоданның да болғанын айтады.
«Күндізгі уақыт болатын. Еріктілер тобының бірі хабар берді. Бірінші олар чемодан тауып алған. Оның қасында суға жақын жерде адамның денесі табылған. Біз басында мәйіттің кім екенін танымадық. Іздестіру жұмыстарын ары қарай жалғастыра бердік. Орман, суларды қарадық. Кейіннен полицияға хабарласып мәйітті өткіздік. Олар бөлімге ешкімді кіргізбеді. Кейіннен Айгүл екені анықталды», - дейді ол.
Айтуынша, чемоданды қылмыскер жасырғысы келген болуы керек. Еріктілер тобы болмаса, кез келген адамның мәйітті табуы мүмкін емес екен. Өйткені қылмыскер барынша қылмысты жасырғысы келген.
«Қылмыскер ізін жою үшін чемоданды қолданған деп ойлаймыз. Айгүл үйден чемоданмен қашып шыққан болуы керек. Біз қылмыскердің ойында не болғанын білмейміз. Полиция хабарласып бізден мәйітті қалай тапқанымызды, одан басқа не болды барлығын сұрады. Оқиға орнына жақын маңнан екі көрпеше тауып алып, оларды суретке түсіргенмін. Кейіннен полицияға сол жердің сызбасын сызып картадан көрсетіп бердім», - дейді Бейсенов.
Ал марқұмның енесі Германиядан кетіп қалғаны белгілі болды.