5 баланың анасы Тоқаевтан көмек сұрайды: экс-полицей күйеуім 12 жыл бойы ұрып, қазір қысымға алды (ВИДЕО)
Әйел: күйеуім және оның туыстары Таразда заң саласында ықпалды болғаннан кейін ешқандай заң мені қорғай алмады.
Тараздық 33 жастағы 5 баланың анасы, 6-шы баласына жүкті Балғын Әмірхан KYN.KZ тілшісіне күйеуі мен ата-енесі, күйеуінің туыстары тарапынан кезінде таяқ жеген болса, қазір қысым көріп жатқанын айтты. Әйел үш ай бұрын бөлек тұруға кеткенін айтады, өйткені соңғы жарты жылда күйеуі 5 рет өзін қатты сабап тастапты. Соңғысында полицияға арыз жазып, қайын атасының өтінішімен ол шағымын қайтарып алған.
Соңғы рет ер адам әйелді анасымен қоса ұрған көрінеді. Сол кезде көпбалалы ана арызданып, экс-күйеуі 10 күнге қамалған. Қамаудан босаған сәтте "меннен өш алуға кірісті" дейді әйел.
"11 жасар қызымызбен телефон арқылы 5 күндей тоқтамай сөйлесті. Жай кезде балаларынан хабар да алмайтын. Балаларына нанға ақша бермейтін еді. Енді қызыма бәрін үйретіп, полицияға "нағашы әжем мен анам ұрды" дегізіп арыз жаздыруда. Енді 141-ші статья іске қосылды, мені және анамды 2 жылға соттататын түрі бар. Тоқаев мырза, маған көмектесіңізші, 5 баламнан айырмаңыздар",-деп жылады келіншек.
Әйел дипломды дизайнер екен. Өңірге танымал тігінші. Балаларымды бағу үшін 7 күндік сәбимен жұмысқа шығамын дейді.
"Мен ешқандай да жатып ішер, жалқау әйел емеспін. Тусам Алла несібесімен береді деп туабердім. Күйеуімді қатты жақсы көрдім. Әлі де жақсы көремін. Сол үшін мені ажыратып алмақ болған ағаммен ұрысып, үш жыл араласпай кеткенмін. Ендігі күйеуімнің қорлығына шыдай алмайтынымды түсіндім. Бүкіл отбасы маған "туаберме" деп ұрысатын. Тіпті баланы алдырып тастауға енем ақша да берген.
Қазіргі бар өтінішім әкесі қызымның миын уласмаса екен. Балаларыма, маған тыныштық берсін. Одан ешқандай ақша, алимент талап етпеймін. Ол кісінің мінезі, психикасы дұрыс емес. Ол учаскелік полиция болып жұмыс істеді.. Парамен ұсталып, сотталғалы тұрған кезде өз еркімен жұмыстан кетті. Бүкіл әулеттері заң саласында лауазымды қызметтерде отыр, бұрында да істеген. Ата-енем де заң саласында еңбек еткен. Сол себепті 12 жыл таяқталсам да полиция күйеуіме еш шара қолданбайтын",-деп егілді әйел.