Мәдениет

“Әруақ ешқашан кешірмейді”: Зейнеп Ахметова Тұрсынбектің әйелі қатысқан бағдарламаны сынады

Арасында бір депутат бар. Ол не үшін ыржыңдап тұр?

Отандық «Ел арна» телеарнасындағы «Қыздар мен жігіттер» бағдарламасында Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқан аты аңызға айналған даңқты батыр, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлын ойынға айналдырды. Шоу-бизнес өкілдерінің ерсі әрекетін Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қатты сынға алып, наразылығын білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. 

 

Зейнеп Ахметова сөз басында телеарнада көрген үзінді жүрегіне қатты батқанын жеткізді.

 

«Тәуелсіздік, еркіндік, сөз бостандығы деп кейбіреулер аузына келгенін айтып, ойына келгенін сөйлеп, бейбастыққа барып жүр. Адамның жаны түршігетін, жан-дүниеңді құлазытатын хабарды жанашыр кісілердің бірі жіберіп отыр. Қазақстанға белгілі Атамыздың тікесінен тік тұрған суретінің басын ойып, бір әйел адам сол жерге басын сұғып тұр. Оған айналасындағылар тырқылдап күліп, мәз болып отыр. Бұл не деген бассыздық, не деген тексіздік?! Әруақпен ойнап, Атаның әруағын таптап, басын жұлып алуға кім оларға мұндай құқық беріп отыр?

 

Арасында бір депутат бар. Ол не үшін ыржыңдап тұр? Халықтың көзі, құлағы, тілі болады деп сенген халық қалаулысының сиқы сол болса, жетіскен екенбіз. «Әй, тәйт» деуге оның шамасы келген жоқ. Анау ыржақайлармен бірге ыржалаңдап тұрды. Ет сасыса, тұз салады, тұз сасыса, не салады демекші, депутаттың сиқы осы болса, одан не үміт, не қайыр?» - деп Зейнеп Ахметова ашуын білдірді.

 

Айта кетейік, бағдарламада командалардың бірінде Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қатысты.

 

Аты аңызға айналған батырдың келіні бұл істі жай қалдырмайтынын, сотқа дейін баратынын айтты.

 

«Ал енді осы хабарды жасап отырған жап-жас кісілер титтей де болсын, ойланған жоқ па? Құдайдан қалай қорыққан жоқ? Әруақтан қалай сескенген жоқ? Олар үлкенді сыйлауды, әсіресе әруақты сыйлауды үйренген жоқ па? Басынан бастап уызына жарымаған бейшаралар өзінің тарихына өзі түкіріп отыр. Ұлы адамдарды аяққа таптап отыр. Ал бұл жақсылыққа апармайды.

 

Ол құрдасы ма немесе жолдасы ма еді? Басқа адам табылмай қалды ма? Ол сурет бүкіл Қазақстанға белгілі. Алматыға жолы түскен кісілер әдейілеп үйге келіп, суретке тәу етіп, суретке түсіп, ескерткіш ретінде алып кетеді. Бұл – балаларын алып келіп, ертеңгі күні атасының қасында түскенін, сол шаңырақта болғанын көрсету үшін әтуірлейтін сурет.

 

Егер түптеп барар болсақ, сотқа беруге болады. Ол кісі қазақтың ар-намысын ту етіп ұстаған, ұлттық рухтың символы болады. Соны түсінбеген мына жастар ертеңгі күні елге бірнәрсе береді дегенге сенбеймін. Мен оларды тіпті ата-анадан тәрбие көрмеген, тексіз деп ойлаймын. Өзгесі өзге, бақилық болған әруақтарды, оның үстіне бүкіл халық қадірлейтін ұлы тұлғаларын мазақтау ешкімді ешқашан жақсылыққа апармайды. Бір күн болмаса бір күні омақасып, қабырғалары қаусап түсуі мүмкін. Өсіп келе жатқан бала-шағалары бар. Неге Құдайдан қорықпайды?! Мен бұл істі жай қалдыра алмаймын. Өйткені ұлттың ұлы адамын қорлап отыр. Енді келіп, болашағы алда жап-жас қыз-келіншектер сол Атаның басын ойып, жұлып алып, оған әйелдің басын тығып «мынау кім?» деп соған ыржалақтап күліп отыр? Әруақ ешқашан кешірмейді», - деді ол.

 

Ол сөзін жалғай отырып, осы істен кейін атасы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне арнайы келіп, тағзым етіп, кешірім сұрағанын айрықша атап өтті.

 

«Панфилов паркіндегі атаның тас ескерткішіне келіп, басымды иіп, сәлем салып, атадан кешірім сұрадым. Өйткені атаның алдында кешірілмес күнәға батқан адамдар бар. Жанашыр кісілер атаның суретін қалай қорлап отырғандарын көрсетті. Шыдай алмай, көзімнен жас парлап, жаным түршікті. Себебі, Ата – алты алаштың қадірлісі, иісі қазаққа ортақ ұлы тұлға, ұлттың рухани ар-намысы болған, соның символы ретінде елге белгілі ерекше адам», - деп Зейнеп Ахметова өнер саласының адамдарына, бағдарлама басшылығына ренішін білдірді.