Алматыда әйел 5 жасар қызын өлтіріп, өзі секіріп кетті: прокуратура іс қозғады
Орталық демалыс саябағында әйел адам дөңгелектен секірген болатын.
Алматы облысының прокуратурасы кішкентай қызын тұншықтырып, кейін өз-өзіне қол жұмсаған әйелдің жантүршігерлік оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Жас қыздың өліміне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша (кінәлінің дәрменсіз жағдайда екені белгілі болған, сол сияқты адамды ұрлаумен немесе кепілге алумен байланысты адамды өлтіру) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта фактіні тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды», - деп хабарлады Алматы облыстық прокуратурасы.
Еске сала кетейік, Алматыдағы Орталық демалыс саябағында әйел адам дөңгелектен секірген болатын. Жәбірленуші жедел медициналық жәрдем келгенше көз жұмды. Кейін белгілі болғандай, әйел бұған дейін өз үйінде кішкентай қызын тұншықтырып өлтірген.