OCCRP:Грекияда өртенген арал жанындағы яхтада Halyk Bank басшысы мен олигарх Данияр Абылғазин болған
Сот құжаттары көрсеткендей, бортта Абылғазиннің ұлы мен әйелі Айдан Сүлейменова және тағы басқа да лауазымды адамдар болған.
Грек орманын өртеп қашқан қазақтардың арасында қалтасы қалың олигархтар бар болып шықты. Оның бірі Forbes тізімінде Қазақстандағы ең бай елуліктің ішінде 21 орында тұрған Данияр Абылғазин, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат порталы.
OCCRP (Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) тәуелсіз журналистер ұйымының зерттеуі бойынша «Персефони I» яхтасының ішінде 7 қазақ болған. Соның бірі олигарх Данияр Абылғазин. Қонақтардың арасында Халық Банктің бас директоры Үміт Шаяхметова оның күйеуі KMG International NV ұлттық мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері Бейімбет Шаяхметов және олардың қызы болған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Грек аралы өртенген күннен кейін бизнесменнің жеке ұшағы Афина әуежайынан Алматыға ұшып кеткен. Сот құжаттары көрсеткендей, бортта Абылғазиннің ұлы мен әйелі Айдан Сүлейменова және тағы басқа да лауазымды адамдар болған.
Гидра аралындағы орман өрті 300 мың шаршы метр жерді шарпыған. 22 маусымда Грекияның Ұлттық өрт сөндіру қызметі оқиғаға қатысы бар 13 гректі ұсталғанын хабарлаған. Ал жалға алу құны 250 мың еуро тұратын қайықты жалға алғандардың ешқайсысы ұсталмаған.
Теңізді бақылау қызметі өрт болған кезде қазақтар отырған яхта Гидраның шеткері ауданының жағасында болды деп көрсетті. Гректің ресми тұлғалары оларды өртке тікелей кінәлаған жоқ. Бірақ аралдың әкімі Гиоргос Кукудакис тергеудің қортыныдысы шыққан соң, барлық кінәлілерге шара қолданып, өтемақы талап ететінін жеткізді.
Оның сөзінше, өрт жалғыз қарағай орманын жалмап кете жаздаған, абырой болған жел қарама-қарсы бағытта соғып, құтқарушылар өртті сөндіріп үлгерген.
«Қарағай орманы өртке оранғанда, бұл аралдың түгі қалмас еді»,- деді ол журналистерге.
Айта кетейік, ірі кәсіпкер Данияр Абылғазин Қазақстандағы ең бай 50 адамның бірі.