Түркістан облысында жүк вагондары рельстен шығып, 5 вагон аударылып қалды (ВИДЕО)
Кешіккен пойыздардың жолаушыларына өтемақы төленіп, оларға ауыз су және тамақ берілетін болады.
Түлкібас ауданында жүк пойызының 5 вагоны рельстен шығып, аударылып қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Оtyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің түсірген видеосынан жүк пойызының 5 вагоны аударылып жатқанын көруге болады.
“25 маусым күні сағат 19:20-да Түлкібас – Арыс учаскесінде Меңлібай – Көктерек учаскесінің күрделі қисық учаскесінде жүк пойызы рельстен шығып кетті”, – деп ҚТЖ болған жағдайға қатысты пікір білдірді.
Кешіккен пойыздардың жолаушыларына өтемақы төленіп, оларға ауыз су және тамақ берілетін болады.
“Түркістан облысында жүк пойызы вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты жолаушылар пойыздары кешігуі мүмкін”, деп ескертті "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Сағат 21:00-дегі ақпарат бойынша:
- №21 "Семей-Қызылорда"
- № 203 "Астана-Шымкент"
- №22 "Қызылорда-Семей"
- №46 "Түркістан-Павлодар"
- №24 "Ақтөбе-Алматы"
- №55 "Көкшетау-Қызылорда"
- №87 "Алматы-Сарыағаш"
- №78 "Маңғыстау-Алматы"
- №30 "Атырау-Алматы
- No34 "Ақтөбе-Алматы"
Жоспар бойынша, 26 маусым күні таңғы сағат 04:00-де пойыз қозғалысы қайта жанданған.
“Компания қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды. Сондай-ақ жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес жолаушыларға кешіктірілген әрбір толық сағат үшін 3% мөлшерінде өтемақы төленетінін хабарлайды. Бірақ өтемақы мөлшері жол жүру құнынан аспайды", – делінген ресми хабарламада.
Рельстен шығып кеткен жерде Шымкент, Арыс және Тараз станцияларының қалпына келтіру пойыздары жұмыс істеп жатыр. Пойыз вагондарының рельстен шығуына жеке вагонның дөңгелек жұбы осьінің сынуы себеп болған.