Қоғам

Алматыда қоғамдық көліктің жолақы құны тағы да қымбаттауы мүмкін

Алматыда жол жүру ақысы 2023 жылдың тамызында өскен болатын.

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 20 теңгеге көтерілуі мүмкін. Бүгін, 1 шілдеде қала әкімдігінің қаулы жобасы қоғаммен талқылану үшін  «Ашық НҚА» сайтында жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Қалалық мобилділік басқармасы биыл қоғамдық көлікте жол жүру үшін орташа тариф 310 теңге, ал кейбір маршрутта 400 теңгеге жететінін мәлімдеді. Айтуларынша, осыған байланысты жыл сайын тасымалдаушыларға төленетін субсидия мөлшері өсіп жатыр. 2023 жылы 68,7 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы субсидияның болжамды сомасы 97,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайған.

«Қала тасымалдаушылары қолданыстағы тариф тасымалдаушылардың автобус сатып алуға, жаңартуға және уақытылы қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүргізушілердің жалақысын көтеруге жұмсаған шығынды өтемейді деп бірнеше рет хабарлады. Тасымалдаушыларға және жергілікті бюджетке жүктемені ішінара азайту мақсатында қалалық қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға тариф белгілеу туралы қала әкімдігі қаулысының жобасы дайындалды. Жоба жол жүру тарифін 120 теңгеге дейін көтеруді көздейді. Тиісінше, азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін жол жүру құны тарифтің 50%-ы болады»,— делінген басқарманың хабарламасында.

Айта кетейік, Алматыда жол жүру ақысы 2023 жылдың тамызында өскен болатын. Қазіргі таңда қалада қоғамдық көліктегі тарифтің құны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеген кезде 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде 200 теңге мөлшерінде белгіленген.