Қоғам

Ақтауда банктен 10 млн теңге ұрлаған инкассатор өзін басынан атып өлтірді

WhatsApp желісінде Halyk Bank ғимаратында ақша ұрлағаны туралы ақпарат тараған

Ақтауда инкассатор 10 млн теңге ұрлап, өзіне қол салды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. Бұл туралы қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

WhatsApp желісінде «14 шағын аудандағы Halyk Bank ғимаратында 1981 жылы туған инкассатор 10 млн теңге ұрлады. Кейін ол ғимараттың жертөлесінде жасырынып, табельдік қарудан басына оқ атты» деген ақпарат жарияланды. Бұл деректі полиция растады.

«Тергеу жүргізіліп жатыр. Ұрлық және өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша полиция басқармасы қылмыстық істі тіркеді», – деп жазылған хабарламада.

Марқұм инкассатор Halyk Bank қызметкері емес, банкке қызмет ұсынушы  "Halyk Инкассация" ЖШС өкілі.

"Halyk Инкассация" Ақтауда өзін атып тастаған қызметкеріне қатысты пікір білдірді

"Halyk Инкассация" ЖШС өкілдері Ақтауда инкассатордың өз-өзіне қол жұмсауы туралы бірқатар БАҚ-та жарияланған ақпаратты қалалық полиция басқармасы растағанын хабарлайды.  

Қазіргі уақытта қайғылы оқиға болған "Halyk Инкассацияда" жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты компания тергеу аяқталғанға дейін істің мән-жайына қатысты пікір білдіру мен оны жария етуден бас тартады.