«Біреу тойып секіреді»: Астанада көлікті бассейнге айналдырған қос блогер жазаланатын болды (ВИДЕО)
Желі қолданушылары екі блогердің бұл қылығын сынап, түрлі пікір қалдырған
NNN лақап атымен танылған блогер Нұрдәулет Бексұлтан мен Ерболат Жанабылов көлікті суға толтырып, ішінде шомылған. Бұл видео көпшіліктің ашуына тиді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Аталмыш оқиға Астана қаласының орталық көшелерінің бірінде болған.
“Жаздың ортасы болды. Ал сен әлі шомылмадың. Достарыңды белгіле”, – деп жазған видеоның астына Нұрдәулет Бексұлтан.
Желі қолданушылары екі блогердің бұл қылығын сынап, түрлі пікір қалдырған.
Оқырмандары “Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді деген осы шығар?!”, “Өте керемет шыққан”, «мына машина сенің көзіңе түскеніне өкінген шығар?», «ай, жартыбастар істемейтіндерің жоқ» деген секілді пікірлер жазған.
Аталған жайтқа қатысты елорда полиция департаменті KAZ.NUR.KZ тілшісіне пікір білдірді.
ПД өкілдері Tank маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.