Тоқаев: Қазақстан Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын
- автор kyn.kz
- 3 шілде, 2024
- 434
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасымен өткізген келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қатынастары өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
"Екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай түйткіл жоқ. Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуміз жаңа ғана Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі ел қатынастарының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған", - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 миллиард долларға жетті. Бүгінде екі тарап та осы көрсеткішті ұлғайтуға мүдделі.
Қазіргі таңда құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады.
"Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын", – деді Тоқаев.
Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
"Қазақстан – Қытай" мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Ал теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, былтыр 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш", - деп толықтырды президент.
Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашанда жоғары екенін айтты.
"Осылайша, біз екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам бастық. "Алтын отыз жылдық" аясындағы биік мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған", – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.