"Бөксесін тістеп тастаған": жігіті өлтірді деген 19 жастағы қыздың жақындары оқиғаның қалай болғанын айтты
Туысы: Оны жігіті зорламақщы болған. Дильмура қорғанамын деп төбелесіп, есінен танып құлаған.
Cайрам ауданына қарасты Манкент ауылында 19 жастағы қызды өлтіріп кеткен. Қайғылы жайтқа кінәлі ретінде қыздың жігіті күдіктеліп отыр. Оқиға 30 маусымда болған. Туыстары қыздың өліміне кінәлі адам тиісті жазасын тартсын дейді, деп жазды KYN.KZ тілшісі Оtyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
19 жастағы Дильмураны жоқтаған анасының етегі жасқа толды. Марқұмның туыстары 30 шілденің түнінде қыздың өлі денесін тапқан. Туыстарының сөзінше, сол күні кешкі 6 жарым шамасында жұмыстан шыққан соң қыздан мүлдем хабар болмаған. Ол туысқан әпкесінің дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген. Әпкесі «Дильмура сол күні 18:26-да жазған соңғы хабарламаны оқымады, оның мұндай әдеті жоқ еді» дейді. Айтуынша, бойжеткенді жұмыстан өзінің сөйлесіп жүрген жігіті алып кеткен.
«Беттерін көгертіп тастаған, бөкселерін тістеп тастаған, тістерінің ізі түсіп қалған, әбден қинаған қызды. Қыз өзінен кетіп қалған, зорламақ болып бірақ тие алмаған, қыз өзін қорғамақ болып, қарсыласқанда, өзінен кетіп қалған. Қыз есін білмей қалған соң, алып кіріп, өзінің туысқандарын шақырған. Өзінің үлкен әпкесі мен, папасының ағасының баласы екеуі, сол екеуін шақырған. Сөйтіп бұл уланып өлді дейік деп, машинаға отырғызып, терезелерін жауып, кішкентай шланг салып, улы газ кіргізіп қойған. Ол өлмеген қыз, кейін сол улы газдан өлген», – дейді марқұмның туысы Малахат Құрбаналиева.
Марқұмның туыстары жігіттің қызды ұрып-соққанымен қоймай, оны көлікте қалдырып, улап өлтірді деп отыр. Олар қыз денесінің көптеген жері көгеріп қалғанын көріпті.
«Жұмыстан кейін сағат 18:30-да дейді алып шығып кеткен да, машинасына отырғызып, алып кетіп, көлікжайына алып кірген. Көлікжайда ұрған, жүздері, мұрны сынған. Машинаны оталдырып, өзі кейін үйіне кіріп, жатып ұйықтап қалған., тастап кеткен», – дейді марқұмның туысы Ерсәлі Ханалиев.
2 шілде күні туыстары мәйітханадан Дильмураның денесін алып келді. 19 жаста қыршынынан қиылған қыздың жаназасы оқылып, жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Жаназаға жігіттің туыстары да келді. Дегенмен, олар жағдайға байланысты пікір білдіруден бас тартты.
Қайғылы оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті «адам өлтіру бабы» бойынша іс қозғады. Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынған.
«Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Осы ретте азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз», – делінген Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазір істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ал марқұмның туыстары «қызды қинап өлтірген кінәлі адам өзінің лайықты жазасын алсын» деп талап етіп отыр.