"Нұрекең телефонмен мені ұрыса бастады": Айдарбекова Қайратқа қатысты жағдайды түсіндірді
Гүлзира Айдарбекова: Балама барлық адамға жүрегіңді ашып, үйге әкелеберме деп айтатынмын.
Бүгін ұшақтағы төбелесі үшін 15 тәулікке қамалған Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова түн ұйқысы қашып, ұлының жағдайына алаңдағанын айтты. Сөзінше ағайын туысы Қайратты емес, анасын уайымдап кеткен.
"Түске дейін, анасы қандай күйде деп мазалауға ыңғайсыздық танытып, сіздердің де жүректеріңіз тыным бермей, түс ауа қоңыраулар мен смстер еш тоқтаған жоқ. Ия, журналистерге де хайп табылып, бірі сауап болды деп күлкіге қарық болып, жандары рахаттанып ойларына келгенін жазса, 90 пайыз халық жанашырлықпен жүректері жылап жатты.
Алғашында түннен аман шығам ба жоқ па дедім рас, құр сүлдем қалғандай, жанарым бір нүктеге қадалып, ұзақ отырдым, ішім өртенді, күйдім-жандым рас. Жолдасымның, бала-шаға, ағайын, достарымның уайымы ұлымнан бұрын мен болғанымды да сезіндім. Болмаған соң Нүрекең телефон соғып ұрыса бастады, елдің балаларында оданда ауыр сынақ болып жатқандары бар, ер азамат болған соң басынан бәрі өтеді, еңсеңді көтер, сен мықты болуың керек деді. Қазір бәрін ойлап, ойым жан-жаққа шашыраңқы болып тұрғаны рас.
Сонда да болса, ұлымның сот процесі басталысымен көмекшісіне қарап, мамам жыламасыншы деп ымдап түсіндіріп жатқанын көріп, көзімнің жасына ерік бердім, бірақ ұлыма көрсетпедім.
—Жанына жақын ұстап, үстіндегі киімдеріне дейін шешіп беріп, қимас дүниесі мен ақшасына дейін бөлісіп, бауырым деп жақын тұтып жүрген досы, бір сәтте жауына айналады деп кім ойлаған.
—Менің де көргенім көп балам, бәріне ақ жүрегіңмен сенім артып, жаныңа жинап, үйге алып келе бермеші деп айтқан кездерім де жоқ емес, оның үстіне көп нәрсенің құрбаны болуға ел алдында жүргенінің де әсері тиерін ана жүрегім сезбейді емес. Ұлыма бар тілерім: сағы сынбай, жүзінде мұң болмай, Алла амандық пен сабыр берсін! Ал сіздерге тілерім: ешбір ананы құдай баласымен сынамасын!",-деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Көпшілік Қайраттың анасына қолдау білдіріп, жағдайға байлансыты денсаулығын құртып алаңдамауға кеңес берген.