Тоқаев қазақстандықтарды Домбыра күнімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне орай Х парақшасында құттықтау жариялады.
"Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бұл мерекенің қазақ руханияты үшін мән-маңызы зор. Қастерлі аспап дала өркениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Төл мәдениетіміздің құнды қазынасын сақтау – баршамыздың парызымыз. Домбыра төрден түспесін!", – деп жазды мемлекет басшысы.
Ұлттық домбыра күні алғаш рет Қазақстанда 2018 жылы шілдеде тойланды. Тиісті жарлыққа елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған болатын. Содан бері шілденің алғашқы жексенбісінде мейрам құрметіне концерттер мен мерекелік шаралар өтеді.
Меркелік шаралар
7 шілдеде ЭКСПО аумағында Ұлттық домбыра күніне арналған "Заманауи домбыра" мерекелік шоу-концерті өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Концерттік бағдарламаның тұжырымдамасы – заманауи балетпен ұштастыра отырып, қазақ этникалық домбыра аспабының әлеуетін зерттеуге және көрсетуге бағытталған мультимедиялық интерактивті технологияларды пайдалана отырып, музыкалық перфоманс дайындау.
Іс-шараны ұйымдастырушылар атап өткендей, музыканттардың, суретшілердің, балет әртістерінің және графикалық мамандардың ынтымақтастығы арқылы домбыра басты рөл атқаратын инновациялық дыбыстық және көрнекі шығарма жасалады.
Шоу танымал қазақстандық орындаушылар, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары арасында ұлттық аспапты кеңінен дәріптеуге бағытталған.
Мерекелік концерттің жүргізушілері: Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек.
Кеш қонақтары: Kalifarniya, Ақтоты Болшова, "Қорқыт" этно-фольклорлық ансамблі, "Серпер" виртуоздар домбырашылар ансамблі, "SAZ" этно тобы, "Steppe Sons", "Assyl", "T&Y", "Арт-домбыра", "Aldaspan", Dj Годунов.
Іс-шара ЭКСПО аумағында 7 шілдеде сағат 18:00-де өтеді.