«Бұл қылық қай ақылға сыяды?!»: Ақбота Керімбекова қамауға алынған Қайрат Нұртас пен Әбдіжаппар Әлқожаға қатысты пікір білдірді
Адам танитын жасқа келдік қой, рас, біздің эстрадада қызуқанды жігіттер бар, ол қасиет қазір оғаш көрінгенімен, бұрынырақ жігітке тән мінез саналатын
Әнші Ақбота Керімбекова қамауға алынған Қайрат Нұртас пен Әбдіжаппар Әлқожаны қолдап, көпшілікті адамды қателігі үшін табаламауға шақырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әншінің жазуынша, Қайрат пен Әбдіжаппар да біреуге зияны тимейтін жігіттер. Бұл туралы ол жеке парақшасында бөлісті.
“Адамдардың жаза баспағанын, қателеспегенін қалағаныммен, біреудің біреуді сүрінгені үшін табалағанын ешқашан дұрыс көрмеймін. Адамдардың қателігіне қуанғандай болып біреулер бірдеңені көкиді де жатады, әйтеуір… Адам танитын жасқа келдік қой, рас, біздің эстрадада қызуқанды жігіттер бар, ол қасиет қазір оғаш көрінгенімен, бұрынырақ жігітке тән мінез саналатын. Бірақ, дәл Қайрат пен Әбдіжаппар жанына тимесең көтеріле қоймайтын ең бір елгезек, кісі сыйлайтын інілердің қатарында болатын. Бірінен соң бірін тоғытатындай бұл не жағдай деп ойланып отырмын да… Кімнің қандай пиғылын бүркелемеу үшін 10-15 күн керек болды екен”, – дейді ол.
Ақбота Керімбекова біреудің қателігіне күлу қоғамда белең алып бара жатқанына алаңдаушылығын білдірді.
“Біреудің жаза арқалағанына жарыса қуану бізге қайдан жұққан дерт осы?!. Бұл қылық қай ақылға сыяды?!. “Ұлы барлар ұрыға, қызы барлар жөзекшеге күлмесін”, деген тыйымды саналардан қашан, қалай шығарып алдық?.. Ең болмаса, “тікен баламның табанына кіргенше, менің майдайыма кірсін”, деп тілеп отыратын әке мен шешенің, бала-шағаның көңілін неге ойламайды екен біреуді тілдемес бұрын?.. Біреу жетістікке жетті, біреу қуанышқа кенелді десе тілі күрметілетін алатайдай топ біреу сүрінді десе бөрігін аспанға атқандай болып алыпұшып шыға келеді. Әй, Құдай-ай!.. Тілде, күнде, табала, жүнжіт әлде де, содан керемет боламыз”, – деді әнші.