Қоғам

«Мені айдаладағы қожалыққа апарды»: Алматы облысында 17 жастағы қызды бір топ еркек зорлап тастаған

Алдағы уақытта олар басқа да кәмелетке толмаған қыздарды есірткіге отырғызып зорласа не істейміз?

Алматы облысының Қарасай ауданында кәмелетке толмаған қызды ер адам бір жарым жыл бойы зорлап келген. Артынша оны есірткіге отырғызып, бір топ еркек болып зорлық көрсеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы құқық қорғаушы Айман Омарова өзінің facebook парақшасында жариялады. Алайда, ол тергеу ісін Қарасай аудандық полиция басқармасы дұрыс жүргізбей жатқанын айтты.

«Бүгінгі біздің айтатынымыз кішкентай қыздың тағдыры. Оны алып кетіп, зорлаған. Содан кейін есірткіге отырғызған. Осы іспен Қаскелең ауданының полициясы тергеу ісін жүргізіп жатыр. Бірақ бұл жеті айдан асып кетті. Әлі келе жатырмыз. Мирас деген тұлғаны күдікті деп қамаған болатын. Негізінде Мирастан басқалары да бар. Олар сол қызды бір жерге апарады да есірткіге отырғызып, зорлайды. Бірақ олардың барлығын әлі күнге дейін қамамаған», - дейді әділетсіздікті айтқан заңгер.

Айтуынша, 15 жасынан бері қызға ер адам есірткі беріп келген. Осы жылдың қаңтар айында бір топ еркекпен бірге қызды алып кетіп зорлаған. Осы оқиғадан соң, есірткіні мөлшерден тыс қабылдаған қыз жан сақтау бөліміне түседі.

«Бұл ұйымдасқан, топтасып істеген қылмыс. Алдағы уақытта олар басқа да кәмелетке толмаған қыздарды есірткіге отырғызып зорласа не істейміз? Неге олар қамалмаған? Неге тергеу шараларын уақытында жасамайды? Неге біздің полиция қылмыскерлерге көмектесіп жатыр? Неге прокуратура осыны қадағаламайды?», - дейді адвокат.

Адвокаттың сөзінше, зорланған қыз бір топ еркектің ішінен алтауының есімін біледі. Полицияның әрекетсіздігіне күйінген Айман Омарова бұл жерде сыбайлас-жемқорлықтың болуы мүмкін екенін айтады.

«Менің жасым 17-де. Мені 15 жасымнан бері Мирас деген азамат зорлап келді. Мені қорқытып, еркімнен тыс зорлады. 2024 жылы 3 қаңтарда Мирас деген азамат танымайтын ағайлармен бірге көлігімен келіп, мені айдаладағы қожалыққа апарды. Сол қожалықта мен танымайтын 6-7 ағай бар, еркімнен тыс қорқытып есірткі берді. Олар мені есірткіге отырғызып, зорлады», — дейді жәбірленуші қыз.

Айман Омарова бұл істің тергеу жұмысын қызметке осы жылы ғана шыққан Әсем Бақбергенова деген тәжірибесі аз маманның жүргізіп жатқанын алға тартты.