Алматыда қатты дауылдан ағаштар құлап, бірнеше көлік талқандалды
- автор Томирис Тоныкөк
- 10 шілде, 2024
- 596
Демалыс күнгі Алматыдағы дауылдан сегіз ағаш құлап, бірнеше көлік талқандалды. Секундына 20 метр жылдамдықпен соққан жел қаладағы ғимараттарға да зақып келтірді Қолайсыз ауа райының салдарынан жеке үйлердің ауласы сынған бұтақтарға толып, артынша жауған нөсер жауын қоғамдық көлікті де зақымдаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қатты дауылдан құлаған алып ағаш Найля Масабаеваның көлігінің артқы бөлігін толығымен басып қалған. Терезелері шағылып, жүк салғышы мүлдем ашылмай қалған автокөлікті жөндеуге енді біраз шығындалуым керек дейді. Найляның айтуынша, Алмалы ауданының тұрғандары бұған дейін бір емес, бірнеше рет қураған ағаштарды кесіп тастауды өтінген. Алайда ешқандай шара қолданылмапты.
«Түнгі 12 шамасында бірінші қабатта тұратын көршім келді. Бірден далаға шықтық. Қарасам, ағаш құлаған. Енді не істерімді де білмеймін. Менде қарапайым сақтандыру полисі бар. Зейнетте болғандықтан қымбат сақтандыру алатын жағдайым жоқ. Мен бұл көлікті 7 миллионға сатып алғанмын. Енді жөндеуге де жарамсыз деп отыр», - дейді Найля Масабаева
Қатты дауылдан Сүйінбай көшесінің бойында тұрған мына көлік жуу орталығы да зардап шеккен. Әбден қураған тал құлап, темір шатырды қиратып, содан соң астында тұрған су жаңа көлікті де басып кеткен. Бірақ әлі де тазарту жұмыстары басталмаған. Аумақ тек арнайы лентамен қоршауға алынған. Көлік иесі де, орталықтың басшысы да қомақты материалдық шығынға белшеден батқаны анық. Қазір апаттың себеп -салдары анықталуда. Алайда дәл осындай жағдай көрші тұрған ғимаратпен қайталануы әбден мүмкін. Өйткені, оның да төбесіне қураған ағаштар төніп тұр.
«Кешке қарай, кешкі 6-7 уақыты ау деймін. Сол сәттерде жаңбыр қатты жауды осы жақтан жаңағындай қатты бір шатырдың ұшқан, ағаштың құлаған даусы естілді. Біз соны, алдын алдық . Бірден осындай жағдайды көріп, бірден машиналарды кері ,артқа қарай жылжытып тастадық. Осындай жағдайлар болмауын алдын алып, кесіп, ертерек реттеп отыруға тиіс қой», - дейді оқиға куәгері Манас Әбдіманап.
Ал толассыз жаңбырдан Медеу ауданындағы бірнеше көшені су басқан. Нөмірі 43 бағыттағы қоғамдық көліктің салоны суға толып, жолаушыларды әюігерге салды. Жалпы қала бойынша құлаған ағаштардың 20-ға жуық дерегі тіркелген. Тазалау жұмыстарына 20 арнайы техника мен 50-ден аса адам жұмылдырылыпты.
«Олар ең бірінші полиция қызметкерлерін шақыру керек, сосын сол құлаған жағдайды тіркеу керек, сосын сол тіркеу бойынша аудан әкімдеріне хат жолдау керек. Кім тарапында тұрғанын білу үшін. Ал одан кейін аудан тараптарынан белгілі бір шешім қабылданады. Біз бірінші ағаштың қай жерде өсіп тұрғанын және қалай өсіп тұрғанын анықтау керекпіз. Ол апатты болды ма немесе жағдайы жақсы ағаш болды ма, не себептен болды, соның бәрін білу арқылы жекеше түрде анықталады», - дейді Алматы экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Мейіржан Бағатиев.
Қазір шаһарда 84 мың түп қираған ағаш бар. Мәселені шешу үшін кәрі ағаштарды жас көшеттерге ауыстыру бойынша бес жылдық бағдарлама қабылданған. Биыл 17 мың апатты ағаш кесіліп, орнына 170 мың көшет отырғызылмақ.