Қоғам

Астанада дүкеннің ішінде ер адам әйелді соққыға жықты (ВИДЕО)

Жанжалдасқан екеуін дүкенде жүргендер ажыратқан

Астанада азық-түлік дүкенінде ер адам әйелді соққыға жыққан. Олар сөзге келіп қалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Аталмыш видеоны жәбірленуші әйел өз Instagram парақшасында бөліскен. Айтуынша, дүкенді аралап жүргенде біреудің баласын қағып кеткен. Осыдан кейін ер адам екеуінің арасында жанжал туған.

"7 шілдеде дүкенге бардым. Сол жерде бала маған шалынып қалды. Бір уақытта баланың әкесі менімен байланыса бастады. Өз тарапымнан кешірім сұрадым, өйткені балаға зиян келтіретін ойым жоқ. Осыдан кейін жанжал басталып кетті. Ол маған бейәдеп сөздер айта бастады. Баласын қолында ұстап тұрған күйінде мені бір-екі рет итеріп жіберді. Оның қолында бала болған соң ештеңе демедім. Содан кейін баласыз келді. Ары қарай видеодан көре аласыздар. Мұны мен жауапсыз қалдырмаймын», - деп жазған әйел.

Бейнежазбада ер адамның әйелді артынан итеріп, бетінен ұрғанын көруге болады. Жанжалдасқан екеуін дүкенде жүргендер ажыратқан.

"Әдепсіз сөздер айтқаны үшін ер адам сот шешімен 5 тәулікке қамауға алынды. "Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деп мәлімдеме жасады Астана полициясы.