Мәдениет

“Эфирге шығартпады»: Қайрат Түнтеков өзін сахнаға кімдердің жолатпай қойғанын айтты

Менің жол апатына ұшырағанымды сұмдық нәрсе болғандай бүкіл телеарналардан көрсетті ғой

Әнші Қайрат Түнтеков сахнаға шығуына кімдердің кедергі келтіргендері жайында сөз қозғады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Өмірінде болған қиын сәттері туралы ол Qazaq Airan You Tube арнасына берген сұхбатында әңгімеледі. Айтуынша, биліктегі адамдар оған бөгет болған. 

«Сол кезде биліктегі адамдардың арасынан менің жолымды бөгеп, эфирге шығартпағандар болды. Олардың аты-жөндерін өзім де білмеймін. Бірақ, болды. Ақпараттық қысым көрсетті. Әйтпесе, мені қудалап, мынаны үйтесің, бүйтесің деген жағдайлар болған жоқ. Сол ақпараттық қысымның өзі маған ауыр тиді. Менің жол апатына ұшырағанымды сұмдық нәрсе болғандай бүкіл телеарналардан көрсетті ғой», — дейді әнші. 

Қайрат жас кезінде әділетсіздіктерге көп ұшырағанын айтты. 

«Өнер жолында әділетсіздіктерге көп тап болдым. Жас болып, дүркіреп тұрған кезімде қасымда қарайлап жүретін, демеу болатын ешкім болмады. Сол кезде тіпті өзімнің қаншалықты жоғары деңгейде жүргенімді байқамағанмын. Біреулер тойға шақырып, келіскен ақшаның жартысын бермей қойған жағдайлар да болды. Менің жастығымды пайдаланды деуге болады», — дейді ол.