Арулар

Сирияда 6 жыл тұрған ақтөбелік оранған киімін шешіп, енді бақытты өмір сүріп жатқанын айтты

Ол ағымды насихаттады деген айыппен 4 жылдан астам уақыт абақтыға қамалып шыққан

Ақмарал Алмағамбетова — 2019 жылы «Жусан» операциясымен елге жеткізілгендердің бірі. Сириядан кішкентай екі баласын жетектеп келген келіншек терроризмді насихаттады деп айыпталды. 2019 жылы Ақтөбе қалалық соты терроризмді насихаттап, діни алауыздық туғызғаны үшін оны бес жылға бас бостандығынан айырды. 2023 жылдың күзінде бостандыққа шыққан ол жұмысқа орналасып, бүгінде өмірін қалыпқа келтірген, деп жазды KYN.KZ  тілшісі Nur.kz  сайтына сілтеме жасап.

«26 жасымда Сирияға бардым. Ол кезде Ақтөбеде отбасым болды. 17 жасымда тұрмысқа шығып, бірінші күйеуіммен тоғыз жылдан аса уақыт бірге тұрдым. Онымен ортақ үш балам бар. Ажырасып, кетіп қалдым. Сирияда алты жыл тұрыппын. Ол жаққа басқа арманмен кеттік… Барғанда соғыс болып жатты. Күнде жарылыс болады. Балалармен қаладан-қалаға қаштық. Қайтудың жолын іздедім. Күрдтер арқылы басқа лагерьге өттік. Сол жерде ғана тамақ іштік. Ол жақта 50 градусқа дейін ыстық. Қара судың өзі қат. Балаларда инфекция, кезектесіп ауырды. Қазақстанға алып кетуді сұрап, өтінішпен шықтық. Екі айдан кейін жауап алдық. Бізді біреу іздеп, елге жол ашылады деген үміт аз болды. Бірақ Қазақстан ол жақтағы азаматтарына уақытша паспорт беріп, бес айдың ішінде елге әкелді», — деді Ақмарал Алмағамбетова.

Келіншектің бес баласы бар. Балаларының үлкені 20-да, одан кейінгісі 16 жаста. Ересек балаларымен кездесіп тұрады екен. Ал бір жарым жасында тастап кеткен үшінші баласымен кездеспеген. Жүрегін жаралап аламын деп қорқады. Қазір үш баласы бұрынғы күйеуінің тәрбиесінде. Қазақстанға Сирияда туған 4 және 2 жастағы кішкентай балаларымен келді. Бас бостандығынан айырылғанда жетімдер үйіне жіберілген екі баласы патронаттық отбасында тәрбиеленді.

«Қателік жасадым. Білемін. Ол үшін бес жыл жазаға кесіліп, Петропавлдағы абақтыда төрт жыл, төрт ай отырдым. Қазір қарасам, ол уақыт та тез өткен екен», — дейді ол.

Ақмарал Сириядан оралғаннан кейін діни ғұрыппен киінбейді. Болашақта өмірі туралы кітап жазуды армандайды.

«Қазір балаларыма қатысты сот шешімі шықты. Мен патронаттық отбасындағы балаларыммен қауыша аламын. Енді бірге тұрамыз. Балаларыммен бейбіт елде бақытты өмір сүру менің арманым еді. Бұл қол жеткен арманымның бірі. Жаңа өмір бастағым келеді», — деді ол.