Саясат

Депутат Ермұрат Бәпи улануына қатысты пікір білдірді

Саясаткердің түсініксіз дертіне қазақстандық дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған.

«Бірден айтайын, мен әзірге Қазақстаннан ешқайда кеткен жоқпын. Елдемін. Денсаулығым да соншалықты қатерлі жағдайда деп ойламаймын. Бірақ аяқ астынан пайда болған белгісіз дертке байланысты наурыз-сәуір айларында Президенттің іс басқармасына қарасты клиникада жатып, толық кешенді тексеруден өттім. Қан мен дәреттен бастап, бүйрек, бауыр, асқазан, іш құрылыс, паразиттік және токсикологиялық анализды қосып, биопсияға дейін тапсырдым. Дәрігерлік концилиум ешқандай дерттің дерегін таппады.

Дәл сол клиникада жатқан кезімде денемнің әр жерінде тағы да ісіктер пайда болды. Консилиумға қатысушы дәрігерлер ол ісіктерді қолмен ұстап, өз көздерімен көрді. Бірақ ешқандай диагноз қоя алмады. Барлық анализдерді тексеріп, аллергия емес екенін түсіндірді»,—деді ол.

Депутатқа мамандар «40 жыл дәрігерлік тәжірибелерінде мұндай жағдаймен бірінші рет кездескендерін» жеткізген.

«Әртүрлі медиада сан саққа алыпқашпа жарияланымдарға қатысты айтар болсам, бұл ақпарат қаскүнемдер қолынан Украинада қаза тапқан танымал жорналшы Айдос Садықовтың Алматыда өткен асынан кейін өршіп кетті. Бұл асқа мен де қатысуым керек еді.

Бірақ дәл сол ритуалдан бір күн бұрын сырқатым қайтадан қозды. Астағы құранға қол жаюға жиналған бірнеше қоғамшыл азаматтар: "Қайдасыз, күтіп отырмыз..." деп мені іздеп, қоңырау шалды. Мен олардың әрқайсысына ауырып қалғанымды, асқа қатыса алмайтынымды айттым.

Расында да, соңғы төрт айдан бергі әдетте, бұл ісік шыға бастаған кезде адам айтқысыз қышу пайда болады. Арқаңды есіктің, қолыңды үстелдің қырына қасысаң да тыншу табу оңай емес. Дуылдап қышыған кезде, денеңнің қышыған жерін кесіп алып тастағың келеді.  Артынша сол қышыған жерің күрт ісіне бастайды да, дене қызуың көтеріледі. Ісіктен білезігіңе - сағаттың бауы, ышқырыңа - белдігің, аяғыңа аяқ киімің шақ келмей қалады. Бірақ осы жағдаятты маған телефон соққан, әлеуметтік желі арқылы мені іздеген қоғамшыл азаматтардың қайсы біріне түсіндірерсің? Тіпті, кейбірі менің "сылтауыма" сенімсіздік білдірген соң, ісіп кеткен қолымның суретін желіге жүктеп, жалпыға жауап ретінде арнайы пост жарияладым»,—деп түсіндірде депутат.

Ермұрат Бәпи клеткалық-моллекулярлық диагноздан өту үшін бірер шетелдік клиникаға дәрігерлік анализдерін жібергенін мәлімдеді.

«Әкежан Қажыгелдин ағам мен Оппозицияның шетелдік бюросындағы жігіттер Германияда жұмыстанып жатыр. Қазір алғашқы келген шақыртуға орай Еуропаның бір еліне бару қамын жасаудамын. Шілденің 20-сынан кейін жолға шығамын.  Ал атышулы "Новичокқа" қатысты болжам Orda.kz порталына пікір білдірген спикерлерден тараған сөз, менің бұған ешқандай қатысым жоқ. Себебі, улану немесе улау дерегіне байланысты менің қолымда ешқандай дәйек жоқ.

Дақпырт пен дабыра, хайп пен қаңқуға қиқу қосу маған қажет емес. Ел ішіне белгілі болған "Ермұрат Бапи" деген аты-жөнім мен азды-көпті абырой атағым маған жеткілікті. Мен, біріншіден, хайп қуатын жастан асып кеткен адаммын. Екіншіден, маған даңғаза емес, денсаулық қажет»,—деп түйіндеді ол.