"Дәрігер конверт берді": артық салмақтан арылмақ болып ажал құшқан мұғалімнің жақындары жаңа деректер айтты
Марқұмның сіңлісі: әпкем қайтыс болған күннің ертеңінде дәл сол орталық арзан науқан жайлы жарнамаларын бірнеше жерде жасап жатты.
Алматы облысының тұрғыны қаладағы жарнамасы жер жарған жеке орталықта артық майын алғызып, арықтамақ болған сәтте көз жұмған еді. Әйел отадан шығып күйеуімен де сөйлескен. Тек араға бірнеше сағат салып, ол о дүниеге аттанған. Дәрігерлер мұны жүрек тоқтау салдары деп түсіндірген.
Алдын ала ақпарат бойынша әйелге ота жасаған дәрігер жаназаға келіп, марқұмның күйеуінің қолына конверт салған.
"Кеше ғана Алматыда арықтап, іш майын алдырамын деп ажал құшқан әйелдің туыстары келді. Марқұм Құралай ешқашан жүрегіне шағымданбаған, жүрегі ешқашан ауырмаған дейді. Ал, клиника өкілдері адам сияқты көңіл айтпақ түгіл, кешірім де сұрамапты. Ота жасаған дәрігер тура жаназа кезінде келіп, Құралайдың күйеуінің қолына хатқалта қыстырған.
Марқұм іш пен бөксе майын сылуға 2 миллион теңге төлеген, ал өзінің кредиті бастан асады екен. Жалпы, айтылмаған нәрсе көп…", - деп жазды ол.
Сондай-ақ, марқұмның сіңлілілері журналистке сұхбат беріп, жанайқайын жеткізді. Олар әпкесіне ота жасаған клиника мен дәрігер олардың адам өлімінен кейін де жарнама жасағанына ашулы.
"Ота сағат 10:00 шамасында аяқталып, сағат 11:30-да ол күйеуіне хабарласқан. Содан кейін әпкеміз мүлде байланысқа шықпады. Түскі 12:00-ден, түнгі 23:00 дейін хабарсыз болып, сағат түнгі 00:00-де әпкеміз туралы суық хабарды жеткізеді. Ол 9-10 сағат бойы қайда болды? Қиналған жоқ па?
Ең қызығы, әпкемнің іш майын алуға ота жасаған клиника адам өлімі болғаннан кейін тағы да жарнама салды. Ота жасаған кісі де жарнама салады. Жарнамаларында "келіңіздер, бізде сокңғы күн. Бұдан кейін бағасы қымбаттайды, ертерек жазылып алыңыздар" деп айтады. Тура әпкеме жасаған блефаропластика, липосакцияны айтты. Мына жақта біз қайғыдан қан жұтып отырсақ, олар жарнама жасап отыр. Адамда ұят деген болу керек қой", - деді марқұмның сіңлісі.