7 жасар Милана Давыдованы өлтірген анасы мен оның ойнасына сот үкім шығарды
Сотталушы тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, өзін өлтірмекші болды.
Павлодарда 7 жасар Милана Давыдованы өлтіргендерге үкім шықты. Аса қатыгездікпен жасалған қылмыс бойынша қыздың туған анасы мен оның көңілдесі тергелген. Жарыссөзде прокурор бұған дейін бірнеше рет сотталған күдікті ер адамның әрекетінде қауіпті рецидив байқалатынын атап өтіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ал туған қызын өлімге қиған Татьяна Давыдованы 20 жылға соттауды сұрады, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Судья прокурор сұраған жазаны еш өзгертпестен — кесті. Соңғы сөзінде де тасжүрек ана өз кінәсін мойындамады.
"Мен қызымды өлтірген жоқпын. Бар айтарым осы. Ал алғашқыда өзіме тағылған айыпты мойындағаным шындыққа жанаспайды. Қатты күйзелістен не айтып, не қойғанымды да аңғармай қалдым", —деді сотталушы Татьяна Давыдова.
Өмір-бақи бас бостандығынан айрылған оның ойнасы Әбілдинов та баланы өлтіруге қатысы жоқ екен айтып байбалам салды. Тіпті сот залында өзіне қол салмақ болып қолын кескен. Дегенмен оның кінәсі сот тергеуіндегі алғашқы жауабымен, жәбірленуші, куәгерлердің жауаптарымен, басқа да дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденді.
Милана Давыдова өткен жылдың қарашасында Павлодар облысы Бесқауға ауылында жоғалып кеткен. Қаршадай қызды 500-ден астам адам іздеген. Ал екі күннен кейін Милананың анасы жаға ұстатарлық мәлімдеме жасап, қылмысын мойындады. Сөйтіп үйдің жанындағы цистернаның астына жасырылған мәйітті көрсеткен. Тергеуде бала өліміне қатысты жантүршігерлік деректер шықты.
Тергеу мәліметінше, өткен жылдың қарашасында балалары мектепте, ал күйеуі жайылымда болғанын пайдаланған әйел көңілдесімен үйде арақ ішіп, жыныстық қатынасқа түскен. Осы сәтті сабақтан ерте келген Милана көріп қояды. Анасының бөтен еркекпен жақындасқанын «әкеме «айтамын» деген қызды безбүйрек ана аяусыз ұрып-соққан. Артынша қылмысты іске асыруға көңілдесі көмектесіп, баланы белдікпен буындырып, азаптап өлтірген.