«Целкаңды тіктіріп беремін»: Шымкентте оқушы қызды зорлаған күдікті оған қыздығын қайтарып беруді ұсынған
Қыз бала біздің «Оne-Stop-Service» жобамызға жолығып, 12 жасында жыныстық зорлық көргенін айтты
Шымкентте 12 жастағы қызды зорлады деген күдікті оған хат жазып, қыздығын қайтарып беруді ұсынған. Бұл туралы белгілі заңгер Ләззат Рақышева facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, шымкент қаласының полиция қызметкерлері бұл қылмыстық істі екі рет қысқартып тастаған.
«Бас прокуратураның назарына, елімізде заңдылық неге қадағаланбайды? Қыз бала біздің «Оne-Stop-Service» жобамызға жолығып, 12 жасында жыныстық зорлық көргенін айтты. Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының полиция қызметкерлері қылмыстық істі екі мәрте қысқартып тастаған. Тергеуші қыз баланың зорлықшымен сөйлескен әңгімесін кетіріп тастаған, яғни іс бойынша дәлелдің көзін жойып отыр. Шамасы, қызметтік міндеттен бұрын зорлықшыға көмектесу маңыздырақ болды-ау. Жуырда тікелей эфирге шығып, осы іс туралы егжей-тегжейлі айтып береміз», - деп жазды ол.
Заңгер бұл іс туралы Бас прокуратураға дейін хат жолдаған.
«Біз көп істе Түркістан облысы мен Шымкент қаласының полиция қызметкерлерінің тарапынан жасалған құқық бұзушылықтармен бетпе-бет келіп, шағым айтамыз. Көптеген дерек, кәмелет жасына толмағандардың арыз-шағымдарына қатысты хат жазып, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссияға, балалар омбудсменіне, одан әрі Бас прокуратураға жолдадық. Жуырда ғана Бас прокуратурадан хабарласты. Олар полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігін шешіп, әділдік орнатудың орнына «не себепті шулатып, жан-жаққа хат жазасыз?» деп бізге шүйлігіп отыр», - дейді ол.