Түркістан облысында 13 жыл құлдықта болған анасы мен ұлына пәтер сыйға берілді
Біз 13 жылғы сұмдықтан кейін жаңа өмір бастауы үшін олардың тұрғылықты жерін өзгертуді ұйғардық
Түркістан облысында 13 жыл құлдықта болған анасы мен ұлына халық қаражат жинап, екі бөлмелі пәтер алып берді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Бұл туралы Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазы Instagram парақшасында бөлісті. Ол құлдықта болған анасы мен баланың қазіргі жағдайымен танысу үшін дағдарыс орталығына барған.
«Достар, мен бір апта бұрын Түркістан облысындағы оңалту орталығындағы 13 жыл құлдықта болған 16 жастағы Наум мен анасының жағдайын білуге барған болатынмын. Бүгін жақсы жаңалықпен бөліскім келеді.
Наум туралы айтқаннан кейін құрбым Гүлмира Абдрашева және оның оқырмандары Наум мен оның анасына пәтер алу үшін 23 сағатта 25 миллион теңге жинапты. Келесі күні волонтерлермен бірге Шымкентке ұшып бардым. Біз 13 жылғы сұмдықтан кейін жаңа өмір бастауы үшін олардың тұрғылықты жерін өзгертуді ұйғардық. Біз екі бөлмелі пәтер алдық. Пәтер таза, жайлы, көршілері мейірімді. Пәтерді қарап шыққаннан кейін бірден құжаттарды рәсімдеуге бардық. Ол жерде дағдарыс орталығының өкілі де болды. Әзірге олар толықтай әлеуметтену және бейімделу үшін дағдарыс орталығында қалады. Кейін олар жаңа пәтеріне көшіп, әрі қарай дағдарыс орталығы мен біздің бақылауымызда болады», - деп жазды ол.
Сондай-ақ, Руслан Берденов Наумға жұмыс ұсынған. Айтуынша, ол толық өзіне келгеннен кейін оқуға және жұмысқа кірісе алады екен.