Семейде 70 миллионға салынған дәретхананың жабық тұрғаны белсенділердің ашуын туғызды
Жол бойында тұрған қымбат био дәретхананың жылу жүйесі, Wi-Fi желісі, бейнебақылау камерасы да орнатылмаған
Абай облысында 70 миллион теңгеге салынған екі био дәретхана жұмыс істемей тұр. Семей-Қарауыл тас жолының бойындағы қоғамдық орындардың жабық тұрғаны белсенді азаматтардың ашуын туғызды. Олар құны қымбат әжетханаларға инфрақұрылым желілері де әлі тартылмаған деп күйінеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Информбюро» жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Екі дәретхананың құны барлық салықтарды қосқанда 70 миллион теңгеден асады. Яғни осындай 37 миллион теңгеден көп тұратын дәретханалардың жағдай өте нашар, біреуі мүлде істемейді. Біз барғанда жабық тұрған. Ешқандай су, электр қуаты жоқ, екіншісі де барлық талаптарға сай екендігі күмән келтіреді. Біз дәл осындай дәретханаларды сататын мекемелерге хабарласып олардан дәретханалардың бағасы 12-15 миллион теңге ғана деген», - дейді «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.
Жол бойында тұрған қымбат био дәретхананың жылу жүйесі, Wi-Fi желісі, бейнебақылау камерасы да орнатылмаған. Ақпан айында пайдалануға берілген қоғамдық орында мүлдем жағдай жасалмаған дейді белсенділер. Оған қоса, шатыры қисайып, құлап жатыр. жолаушылар электр қуаты да, су да қосылмаған деп отыр. Алайда дәретхананы екі азамат кезекпен күзетеді екен. Қомақты қаражат бөлінген нысанды ақпан айында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы қабылдап алған. Соған қарамастан әкімдіктегілер дәретханалар әлі пайдалануға берілмеді деп сендірді.
«2023 жылдың қаржыландыруға сәйкес 2 жол бойындағы қызмет көрсету нысаны сатып алынып, автомобиль жолдарының жиегінде орнатылды. Қазіргі уақытта жер телімдерін тіркеу жұмыстары жүргізілуде, одан кейін инженерлік желілерге қосу жоспарлануда, одан кейін нысандар пайдалануға беріледі», - дейді Абай облысы жолашылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Рауан Рахметолла.