Павлодар облысында босанған 12 жастағы қыздың зорланғаны белгілі болды
Мектеп оқушысы дүниеге қыз бала әкелген, өзін жақсы сезінеді
Павлодар облысында босанған 12 жастағы оқушы қыздың зорланғаны белгілі болды. Басты күдікті оның туысы деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға Шарбақты ауданында болған. Қыздың жүкті болып қалғанын бірінші болып мұғалімдер байқап, ата-анасына хабарласады.
Мәліметтерге сенсек, жасөспірімді зорлады деп оның туысы күдікке ілінді. Ол жергілікті колледждің студенті.
"Жүктілік фактісін мектеп әкімшілігі оқушы көктемгі каникулдан оралғаннан кейін анықтады. Содан кейін ақпарат тиісті органдарға берілді. Бойжеткен мен оның анасы дереу ауруханаға жеткізілді. Науқас облыстық перинаталдық орталыққа 19 шілдеде түсіп, 20-сы күні босанған. Ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта Шарбақты ауданының ішкі істер органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", – деді Павлодар облысының білім басқармасынан.
Оқушы қыз атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан. Әкімдік әкесінің жұмысқа орналасуына көмектесті. Ол қазір Галкин атындағы мектепте өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Кәмелетке толмаған баланы зорлау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал әлеуметтік желіде тараған мектеп директорының жұмыстан босатылғаны туралы ақпаратты аудандық білім бөлімі жоққа шығарды.
"Факті анықталғаннан кейін директор жұмыста болды. Ішкі тексеру болды. Содан кейін ол уақытқа еңбекке жарамсыз демалысына кетті. Еңбекке жарамсыздық парағы шыққан соң өз еркімен арыз жазды", – деп түсіндірді аудандық білім бөлімінің басшысы Маралбек Итемгенов.
Бұл биыл Шарбақты ауданында жасөспірімдердің жүкті болуының екінші оқиғасы. Қазір екі дерек те полиция жіті бақылап жатыр.