Павлодар облысында Майқайың кенішінде шахтаға құлаған автобус табылды
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары қайта жалғасады
Павлодар облысында шахтаға құлап кеткен құтқарушылардың автобусы табылды. Қайғылы жағдайға жарты жыл өтcе де іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Майқайың-алтын" АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарының нәтижесінде кеше кешкісін құтқарушылардың автобусы табылды. Қатты жаңбыр жауып, жел тұруына және топырақтың құлау қаупінің сақталуына байланысты жұмыстар аса сақтықпен жүргізілуде.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары қайта жалғасады. Қазіргі уақытта көліктің алдыңғы бөлігіне дейін жету мүмкін болып, бампері мен доңғалағы көрінді.
Еске салсақ, 4 қаңтарда шахтаға құлап кеткен автобустың ішінде төрт құтқарушы болған еді. Олардың екеуінің денесі сол күні табылып, жер қойнына тапсырылды. Кейін бір жарым айға жалғасқан іздестіру жұмыстары қауіптің жоғары болуына байланысты тоқталып, маусым айында қайта жанданды.