«Нақты дәлелі жоқ тәсіл»: Министр Алтай Айнабектің жасанды жаңбыр жаудырдым дегеніне сенбейді
Сол күндері "Қазгидрометтің" болжамы бойынша жаңбыр жаууы керек болатын
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте "Жаңбыр адамының" технологиясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналист ведомство басшысынан "Сіз Алтай Айнабектің технологиясы жайлы естідіңіз бе?" деп сұрады.
"Біріншіден, сол күндері "Қазгидрометтің" болжамы бойынша жаңбыр жаууы керек болатын. Әрдайым алдағы он күнге болжам беріліп отырады. Екіншіден, дүние жүзінде ғалымдар және болжаммен айналысатын мекемелердің осы тәсілді зерттеп айтуы бойынша бүгінде бұл адам сеніңкіремейтін, әлі нақты дәлелі жоқ тәсіл деп көрсеткен. Арал өңіріндегі жаңбырды айтсақ, синоптиктер сол күндері жаңбыр болады деген. Дүние жүзіндегі ғалымдардың ұстанымы бойынша айтсақ, бұған көп сене беруге болмайды", - деді Ерлан Нысанбаев.
Министр Алтай Айнабекпен жеке кездеспегенін айтты.