“Мен – Олимпиада чемпионымын!”: Елдос Сметов жазба жариялады
Баршаңызға армандаңыздар, сеніңіздер және оған қол жеткізіңіздер дегім келеді
Дзюдо бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметов Парижге тек алтын алуға келген арманын орындалғанын айтып, өзінің бақытты екенін жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
“Мен – Олимпиада чемпионымын! Өзімнің медаль жиынтығыма тек осы бір медаль жетпей тұрды. Бұл медальді осыған дейін екі рет екі жағынан көріп кеттім. Қол созым жерде қалдырдым. Міне, енді Олимпиаданың алтыны менікі. Парижге тек алтын алуға келген едім. Арманым орындалды. Шүкір, бақыттымын!
Қанша күннен бері мені құттықтап, жылы лебіздеріңізді, сый-сияпаттарыңызды арнап жатқандарыңызды көріп отырмын. Баршаңызға Алла разы болсын! Көп рахмет! Сіздердің қолдауларыңыз, қазақ халқының қолдауы мен үшін қашан да ыстық және әлемнің қай бұрышында күрессем де, мен оны сеземін. Бұл – қазақ спортының, қазақ дзюдосының көптен күткен тарихи алтыны.
Қажырлы еңбек, арманға деген адалдық, мақсатқа деген батыл қадамдар, жарақатқа төтеп беру, талап, дисциплина мені осы шыңды бағындыруға беттеді”,- деді ол.
Жеңісі қажырлы еңбекпен келгенін айтып, өзіне тілеулес болған ағайынға алғысын білдірді.
“Біздің Олимпиада жолымыз үш бөлімнен тұратын ұзақ сапар болды. Осы уақыт аралығында маған қолдау көрсеткен, жігерімді жаншымай, үнемі жанымнан табылған, сенген, демеген әуелі ата-анама, отбасы-бауырларыма, асыл жарыма, балаларыма шексіз рахметімді айтамын. Әрине, жеке бапкерім, екінші әкем Ғалымжан ағайдың еңбегін сипаттауға сөз жетпейді. Кәсіби спортшыларды қолдап отырған мемлекетімізге, Қазақстан дзюдо федерациясына және "Динамо" ұжымына, өзімнің Jenys клубыма алғысымды жеткізгім келеді. Баршаңызға армандаңыздар, сеніңіздер және оған қол жеткізіңіздер дегім келеді”, – деді Олимпиада чемпионы.