“12 апталық жүктілігі бар”: шымкенттік әйелі мен 3 айлық баласын сабап тастады
Әйелде басының жабық жарақаты, миы шайқалған
Шымкенттің 53 жастағы тұрғыны әйелі мен үш айлық сәбиін сабап, ауруханаға түсірді. Күйеуінің қолы батқан жас келіншек есін жиып, бөлімшеге ауыстырылса, ал нәресте әлі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Көзі көгеріп, миы шайқалған 23 жастағы келіншек Шымкенттің №1 ауруханаға таныстарымен бірге келіпті. Әуелде кімнен таяқ жегенін жасырып, кейін жанындағы таныстары шақалақ қыздың да көгерген жерін көрсеткен соң, дереу полицияға хабар берген. Қамауға алынған азаматтың өз жақындарына жұдырық сілтеуіне не түрткі болғаны анықталып жатыр. Ал миы шайқалған анасы мен қызы әзірге екі ауруханада жатыр. 12 апталық жүктілігі бар әйел өз-өзіне келген соң, клиникалық балалар ауруханасында жатқан тұңғышының жанына ауыстырылады дейді дәрігерлер.
“Әйелде басының жабық жарақаты, миы шайқалған. 12 апталық жүктілігі бар. Балада да осындай жағдай, яғни ол қазір балалар клиникалық ауруханасында жатыр. Онда да қойылған диагноз бас жарақаты, сонымен қатар денесі көгерген”, - дейді Шымкент денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.