Қоғам

Қызылордада сыныптастары 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

Қазір іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр

Қызылорда облысында жағаұстатар жағдай болған. "Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің сөзінше, 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Полиция бұл іске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қызылорда полицейлері Massaget.kz тілшісінің сауалына берген жауабында бұл дерекке қатысты күдіктілердің ұсталғанын растады. 

"Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр", - делінген жауапта.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жарияланбайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әрбір адам өзінің қылмыстық құқықбұзушылық жасаған кінәсі дәлелденбейінше кінәсіз деп танылады.

Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз - бір үйдің жалғызы екенін мәлімдеді.

"Ол ақпаннан бастап жоғалып кете бастаған, ата-анасы полицияға, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға іздеу үшін жүгінген, бірақ олар қызды іздемеген, ол аз болғандай ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан, қорыққан ата-ана қыздарын өздері іздеген", - деді ол.

"Немолчи" қорының жетекшісі ұсынған мәліметке сүйенсек, қыз ауық-ауық байланысқа шығып, видеомен хабарласып, кафеде даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Ата-анасы айтылған жерге барғанда, ол жақтағылар қыздың жай ғана видео түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қыздың сөзінше, ата-анасы шу шығармас үшін оны осылай жасауға мәжбүр еткен.