Спорт

Олимпиадада күміс жүлдеге ие болған боксшы Нұрбек Оралбай елге оралды

Боксшыны Астана әуежайында жақындары мен жанкүйерлері қарсы алды

Париж Олимпиадасында ерлер арасындағы бокстан 80 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай елге оралды. Ол күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Боксшыны Астана әуежайында жақындары мен жанкүйерлері қарсы алды. Қарсы алғандардың ішінде Лондон Олимпиадасының чемпионы, «Қазақстан спортшылары одағы» РҚБ президиумының төрағасы Серік Сәпиев те болды.

«Өкінішке қарай, екінші орын алып қалдым. Жанкүйерлерім үшін алтын алып, қазақ елін қуантып, көк Туымызды желбіреткім келіп еді. Бұл жолы бұйырмапты. Алла қаласа, келесі Олимпиадада бар күшімді саламын», – деді Нұрбек Оралбай.

Айта кетсек, Нұрбек Оралбай Олимпиадада финалға дейін жетіп, украиналық Александр Хижняктан ұтылып күміс жүлдегер атанды.