«Бәрі мен қалағандай»: Баян Мақсатқызы қызына неліктен Алиса есімін бергенін айтты
Тұрсынға осыдан 8 жыл бұрын «Егер біздің қызымыз дүниеге келсе атын Алиса деп қояйықшы» деп айтып қойғам.
50 жасында үшінші рет ана атанған актриса, продюсер Баян Мақсатқызы сәбиіне неліктен Алиса есімін бергенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, Алиса есімін өзі таңдаған. Күйеуіне 8 жыл бұрын ескертіп қойған екен.
«Сәбиді неліктен Алиса деп атағанымызды айтқым келеді. Осыған байланысты сұрақ көп екен. Бұрын 3-4 сынып оқып жүргенімде «Алиса – ғажайыптар елінде» деген мультфильм көрдім. Сол ертегінің тарихы маған қатты ұнап, кейін кітабын сатып алып оқыдым. Сол кезде кіп-кішкентай қыз бола тұра «Болашақта қыз тусам атын Алиса деп қоямын» деп ойлаған едім. Бірақ бірінші қызым дүниеге келгенде қазақтың салты бойынша атын қоюға бізге мүмкіндік берілмеді. Бірінші баланың атын ата-әжесі қояды деген салттың қайдан шыққанын мен түсінбеймін. Солай Айсәуле деген атты қойды. Сосын Айару дүниеге келгенде Алиса деп атағым келген. Бірақ бұл жолы менің ата-анам қарсы болды. Ешкім мені қолдамады. «Немене мынау, қазақтың аты емес, қайдағы Алиса?!» деп ата-анам сөйлеген соң үн-түнсіз қоя салдым. Қазір де Алиса деген ат менің мамама ұнамайды. Бірақ мен енді баяғыдай жас емеспін, жасым 50-де. Енді өз қызыма қалаған есімді бере алатын жастамын. Тұрсынға осыдан 8 жыл бұрын «Егер біздің қызымыз дүниеге келсе атын Алиса деп қояйықшы» деп айтып қойғам. Сондықтан қызымыз дүниеге келгенде басқа ат іздемедік те. Бәрі мен қалағандай болды», - дейді Баян Мақсатқызы.