Қызылордада Жастар күніне арналған онкүндік «OPEN AIR» фестивалімен қорытындыланды (ВИДЕО)
Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қоғамның қозғаушы күші - жастарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Президентіміздің, Үкіметтің, облыс әкімінің қолдауымен аймақ жастарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі - өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін аймақта алғаш рет «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы» қабылданды.Нәтижесінде жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасыға пәтер кілттері табысталмақ.
Биылғы жылы білімді жастарымызды қолдау мақсатында дәстүрге айналған аймаққа қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің 100 гранты тағайындалды.
Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, оларға кәсіппен шұғылдануға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында қаржылық қолдау бағдарламасы арқылы несие портфелі 3,7 млрд. теңге болатын жас кәсіпкерлердің 130 жобасы субсидияланды.2,1 млрд. теңгеге жас кәсіпкерлердің 115 жобасы бойынша кепілдік шарты жасалса, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жас кәсіпкерлердің 48 жобасы қаржыландырылды.100 мың жасты жұмыспен қамту тапсырмасына сәйкес биыл аймағымызда 6 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылады. Бүгінде облыс көлемінде NEET санатындағы жастардың үлесін төмендетуге барынша күш-жігер жұмсалуда. Осы мақсатта арнайы Жол картасы қабылданады.
Байрақты бәсекелерде көк тумызды желбіретер болашақ чемпион жастарымыз үшін заманауи 10 мың орындық стадион, үстел теннисі орталығының құрылысы басталса, алдағы уақытта көп функционалды «Қызылорда арена» кешенін салу жоспарлануда. Жалпы былтырдың өзінде 9 спорт кешені қолданысқа беріліп, биыл 15 кешеннің құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 21 мектеп салынады. Осының барлығы жастарымыздың игіліктері үшін!»,- деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары.