Павлодарда ер адам 6 жасар қызының басынан ұрған
Жергілікті полиция қыздың анасы оның әкесіне қарсы арыз жазудан бас тартқанын мәлімдеді.
Павлодарда ер адам 6 жастағы қызының басынан ұрған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Павлодар облысының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкенева Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
“Көршілер сол күні полицияға хабарласқан. Бірақ құқық бұзушыға қатысты әкімшілік немесе қылмыстық шара қолданылмағаны белгілі болды. Сөйтіп олар көмек сұрап, маған хабарласты”, – деп жазды Сәуле Шәкенова.
Жергілікті полиция қыздың анасы оның әкесіне қарсы арыз жазудан бас тартқанын мәлімдеді.
“27 шілде күні бейтаныс әйел ер адамның кәмелетке толмаған қызын үйдің кіреберісінде ұрғанын айтып полицияға хабарласыпты. Өтініш Павлодар қаласының Оңтүстік полиция бөлімінде тіркелді. Қоңырау түскен соң көрсетілген мекенжайға қамқоршылық органдар мен бала бекітілген мектептің қызметкерлері дереу шақырылды. Істің мән-жайын анықтау барысында қыздың заңды өкілі – анасы күйеуіне қарсы арыз жазудан және істі жалғастырудан бас тартты. Қыздың әкесі мас емес, сау еді”, – делінген хабарламада.
Алайда анасының ер адамға қарсы шағым түсірмегеніне қарамастан, әкесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. 2 тамызда іс сотқа жіберілді.
Сондай-ақ қыздың қауіпсіздігі үшін ер адам қорғау нұсқамасымен 30 тәулікке қамалып, профиактикалық есепке алынды.