«Қаңқу әңгімеге құлағымыз түріліп»: Сәкен Майғазиев көпшілікті жақсы сөз айтуға шақырды
Қалған өмірімізді өсек, ғайбат айтпай, жанжалдаспай, бәле іздемей, қайырлы, құтты, берекелі, мерекелі, керемет етіп өткізейік
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев мысал келтіріп, оқырмандарын жақсы сөйлеп жүруге шақырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әнші тәлім-тәрбиелік мәні бар мысал жазып, көпшілікке ой салды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
“Бір наубайшы кейбір нан сатып алушылардың өзіне берген ақшаның жалған екенін біле тұра, байқамаған болып, нанды бере береді екен. Өлім сәті жеткенде төсек тартып жатқан наубайшы Аллаға жалбарынып жатқан көрінеді: “Я, Раббым! Сен бәрін білушісің. Қаншама адам мені “алдап соқтым” деп жалған ақша беріп тұрса да, мен нанымды тегін таратып, адамдардың қалағанын бердім. Енді мен де сенің алдыңа жалған құлшылықтарыммен келе жатырмын. Бетіме баспай, қабыл қылғайсың” депті”, – деп әңгімесін бастады әнші.
Сондай-ақ, оқырмандарын қаңқу сөзге ермеуге және жақсы сөйлеуге шақырды.
“Ораза, намазымызды жүрдім-бардыммен, өмірімізді өсек-аяңмен өткізіп, жалған жалбарынып жүрген біздерді Алла тағала өз мейірімімен кешіргей. Қаңқу әңгімеге құлағымыз түріліп, құлшылықтарымыздың құнын кетіріп, тесік тостаққа сауап жинап жүргендейміз. Ендеше, қалған өмірімізді өсек, ғайбат айтпай, жанжалдаспай, бәле іздемей, қайырлы, құтты, берекелі, мерекелі, керемет етіп өткізейік”, – деп жазды ол.