Түркістан облысында дәретханаға құлап түскен 3 жасар бүлдіршіннің өлімі: 16 жастағы қыз кінәсін мойындады
Гүлмира Әбіқай кінәлі деп танылған қыздың отбасын бүкіл ауыл басқа жаққа көшулерін талап етіп жатқанын жазды
Түркістан облысы Сіргелі ауылында әжетханаға құлап кеткен 3 жасар бүлдіршіннің өліміне байланысты жаңа дерек шықты. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, көршісінің дәретханасына түсіп кеткен 3 жасар Асылым адам қолынан қаза тапқан.
«3 ай бұрын көршінің дәретханасына түсіп қайтыс болды деген 3 жасар Асылым адам қолынан қаза тауыпты. Түркістан обл. шағын ғана Сіргелі ауылы. Бәрі бір-бірінің итіне дейін жақсы танитын шағын елді-мекен. Мамыр айының ортасында таңғы 9-да 3 жастан асқан Асылым ұшты-күйлі жоқ болды. Әдеттегідей аулада, ары кетсе көршінің қызымен ойнайтын бүлдіршіннен не із, не сыбыс жоқ. Аттай 3 күн ата-анасы, туғандары, бүкіл ауыл мен еріктілер аяғынан тік тұрды. Полиция мен әскер тартылды. Ауылдағы бүкіл тесік-шұңқыр қаралды. Түк із жоқ. Сөйткен бүлдіршін қарама-қарсы үйдегі туалеттен табылды. Дәретханада 3 жасар қыздың денесі 3 тәулік бойы жатқанын үй иелері қалай байқамаған? Сарыағаштық сот мед. сараптама, қыз таза, тек беті сырылған, артынан соққы алған. Бұл соққы дәретхана тесігіне ұрылғаннан болды. Асылым туалетке өзі түсіп кеткен деп көрсетті», - деп жазды журналист.
Арада ай өтіп, көрішнің тағы бір қызы дәретханаға құлай жаздаған. Аман қалған 5 жасар бүлдіршін өзін кімнің ұрғанын және буындырғанына дейін айтып берген.
«Алланың салғанына қарсы шара бар ма деп, егіліп ата-анасы қалды. Арада ай өтіп, Асылымның қырқына дайындалып жатқанда көршілес үйдің тағы бір қызы туалетке құлай жаздап, құтқарып қалыпты. Кішкентай қыздарды қинап, өлтіріп, дәретханаға лақтырып жүрген ересек адам бар деген сөз Сіргеліде желдей есті. Бір ажалдан аман қалған 5 жасар қыз Нұрай: өзін кім қорқытқанын, қайда шақырғанын, буындырып ұрғанын бәрін айтып берді. Қыздың көйлегінің ұшын көріп қалған (ол да көрші) 7 сынып оқушысы мұнда не болып жатыр деп құтқарған. Содан іс қайта ашылып, тергеу басталды. Нұрайдың айтқанының бәрі рас болды», - дейді Гүлмира Әбіқай.
Жазуынша, 3 жасар Асылымның үйіне қарама-қарсы тұратын көршісінің 16 жастағы қызы өз қылмысын мойындаған. Қазіргі уақытта бүкіл ауыл ол отбасының басқа жаққа көшіп кетуін талап етуде екен.
«Асылымның үйіне 40 жыл қарама-қарсы тұрған көршінің қызы қандықол қылмыскер болып шықты. 16 жасар (атын Жанира деп қояйық) бәрін мойындады. Тергеу Жанираны ауытқуы бар шизофрения деп тапты. Сонда 9 сынып бойы ауылдағы орта мектепте бәрімен бірге оқыған қыз аяқ астынан қалай ауру болып қалады? Қазір періште Асылымның ата-анасына қиын тиюде. 40 жыл арасын көше бөлген аралас-құралас, жақын туыс болып кеткен көршінің үйіне қараса жүрегі сыздайды. Оларды көрмеу, бетпе-бет кездеспеу мүмкін емес! Бүкіл ауыл бұл отбасының бір түнде өзге жаққа көшіп кетуін талап етуде», - деп жазды ол.