ҚМБД Абай Бегейдің 16 жастағы қызына қатысты: “Неке қию рәсімі мешітте болмаған”
Нике қию рәсіміне болашақ ерлі-зайыптылардың ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері қатысуы міндетті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің мәліметінше, әнші Абай Бегейдің ортаншы қызы некесін қидырмағаны белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жастардың мешітке келіп, суретке түскені белгілі болды.
"Ақтау қаласында кәмелет жасқа толмаған қыздың некесіне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі неке қию рәсімі мешітте болмағанын анықтады. Мешіт имамдары кәмелет жасқа толмаған қыздың некесін қимаған. Мешітке келіп, құлшылық үйін аралауға, ауласында суретке түсуге шектеу қойылмайды. Жастардың мешітке келіп, естелікке суретке түскені белгілі болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған «Мешіт имамдарының неке қию тәртібі» құжатына сәйкес отбасы құрғысы келетін азаматтар әуелі АХАТ бөлімі арқылы заңды некеге отыруы тиіс. Нике қию рәсіміне болашақ ерлі-зайыптылардың ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері қатысуы міндетті. Діни некеге ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімі керек. Олай болмаған жағдайда мешітте діни неке қиылмайды", - делінген хабарламада.