Спорт

«Депутат, әкім болып кетпесе»: спорт журналисі Елдос Сметовке қатысты пікірін білдірді

Егер біз Елдостың сақалымен алысатын болсақ, сол жерде тоқтап қаламыз

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке қатысты пікірін білдіріп, оған қолдау көрсету керек екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Назгүл Әмірбекке берген сұхбатында әңгімеледі. Ол жанкүйерлерді спортшының жеке басына тиіспеуге шақырды.

"Рейтингке қарағанда Елдостан гөрі Әбибадан алтын күтті. Өкінішке орай Әбибаның жолы болмады. Елдос тарихи нәтиже тіркеді. Бұған дейін екі олимпиадада тәжірибесі бар. Бірге жыладық, бірге қуандық. Қазір елде алып-қашпа әңгіме көп екен. Елдостың сақалына, анасына тиісіп жатыр. Спорт жанкүйерлеріне осы нәрседен биік болайықшы деп айтқым келеді. Егер біз Елдостың сақалымен алысатын болсақ, сол жерде тоқтап қаламыз. Дінге, жеке басына қатысты нәрселер өзіне ғана тиесілі болып қалуы керек. Ең бастысы бізге алтын әкеліп берді. Оған ешқандай әңгіме айта алмаймын. Тарихты жасап жатқан бір ғана Елдосымыз бар. Оның өзіне елге келгенде жұлмалап жатырмыз. Еркелігін көтерейік, Елдосты түсініп, қолдауымыз керек", - деді журналист. 

Сонымен қатар, ол алдағы уақытта Елдос Сметовті халықаралық дзюдо федерациясынан көргісі келетінін айтты.

"Алдағы уақытта Елдос депутат, әкім болып кетпесе екен. Жеке бапкері де "Елдос дзюдода жүрсе" деп айтты. Менің ойымша, Елдос Қазақстанның деңгейінде қалып қоймаса екен. Халықаралық дзюдо федерациясы бар. Елдосты сол жақта көргім келеді. Сонда жұмыс істеп, қазақ балаларының ешкім аяқтан шалмауына көмектесіп отырса өте жақсы болар еді", - деді ол.