Қоғам

7 жастағы баланың денесіне үтік басып, азаптаған: талдықорғандық бейімдеу орталығының тәрбиешісін жазалауды сұрайды

Әкесінің айтуынша, қызметкерлер баланы уақытылы ұйықтамағаны үшін денесіне үтік басып жазалаған

Талдықорғандық тұрғын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының қызметкерлерін жазалауды талап етеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.

Роман Поляниннің айтуынша, уақытылы ұйықтамаған 7 жастағы баласының денесіне тәрбиеші үтік басып, азаптаған. Бұл сорақылықты орталықтағылар жасырып қалуға тырысты дейді азамат.

Әкесінің айтуынша, Роман уақытылы ұйықтамағаны үшін осылай жазаланған. Қазір жеткіншектің денсаулығы қалыпты, күйген тері жазылып келеді.

"Бейімдеу орталығындағылар қаздың майына дейін жағып, жараны жылдам жазып алуға тырысыпты. Енді біраз уақыт өткенде ұлымыздың аяусыз азапталғанын білмей де қалатын едік",- дейді әкесі.

«Орталықтағылар бұл жағдайды жасырып қалмақ болған. Қазір де үйімізге келіп, келісімге келуді сұрап жүр. Басқа балалар да бұлай жәбір көрмес үшін істі аяғына дейін апарамыз. Әйелім сырқаттанып ауруханада ұзақ жатқан соң, балаларым сол орталыққа түскен еді. Өкінішке қарай, жұбайым жақында қайтыс болды, енді балаларды әжесі екеуміз қараймыз», -  дейді баланың әкесі Роман Полянин.

Поляниндерді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қалалық білім бөлімі қызметкерлері 18 маусым күні апарды дейді туыстары. Оқиға 24 шілде күні түстен кейін болған. Орталықтағылар бала азаптады деп күдікке ілінген тәрбиеші бейімдеу орталығында 4 жыл жұмыс істегенін жеткізді. Осы жағдайдан кейін ол өз еркімен жұмыстан кеткен екен. Ал орталық директоры бұл жазатайым оқиға деп ақталып отыр.

«Жұмыста отырдым, баланың жылаған дауысын естіген жоқпын. Ол бала ойнап жүрді. Түске дейін де, түстен кейін де барлығын бақылып отырамын, 32 камера бар, барлығын бақылап отырам. Бұл келеңсіз жағдай абайсызда болған, орын алды. Біз ешқандай басқалай бұрмалай алмаймыз. Әдейі қасақана барып жасалған дүние емес. Қазір полиция аталған дерекке қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс кәмелетке толмағандарға байланысты ықимал қатыгездік дерегімен қозғалған», - дейді Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Ерлан Сансызбаев.