Қоғам

Елімізде несие алу кезінде жұбайының келісімін алу ережесі бекітілді

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, ережелер 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді

Жеке тұлғаға банк қарыз немесе микрокредит беру кезінде жұбайының (зайыбының) келісімін алу туралы ереже бекітілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға 19 маусымда қол қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

20 тамызда несие рәсімдеу үшін күйеуінің немесе әйелінің келісімін талап ететін келісім алу ережелері бекітілді.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, ережелер 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Қаулы жұбайының (зайыбының) келісімі талап етілетін банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төмен мөлшерін бекітеді. Ол 1000 АЕК (3 млн 692 мың теңге) тең болады. Яғни, несие сомасы 3,6 млн теңгеден асса, ерлі-зайыптының екеуінің де келісімі қажет

«Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк (немесе микроқаржы ұйымы) клиенттің тіркелген некесі бар-жоғын Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Егер кредит сомасы белгіленген шектен асып кетсе, кредитор жұбайының (зайыбының) банктік қарыз немесе микрокредит беруге келісімін алуға міндетті», — деді қаржы реттеушісі.

Несие беруші қарыз алушының жұбайының келісімінсіз берілген болса, несиені есептен шығаруға міндетті болады.