Қоғам

«Өлгенін күтіп, күзетіп тұрған»: Сарыағашта 3 жасар қыздың өліміне кінәлі деп танылған орамалдағы қыз туралы дерек шықты

16 жастағы хиджаб киген қыздың отбасында психологиялық ауытқуы бар адамдар болмаған

Сарыағаш ауданында із-түзсіз жоғалып, дәретханадан денесі табылған 3 жастағы Асылымның өлімінен кейін бір айдан соң оқиға қайталанған. 16 жастағы қыз көрші үйдің кішкентай қызын дәретханаға итергенде, Диас есімді бала құтқарып қалған. Бір өлімнен қалған 5 жастағы қыздың анасы тілшілерге сұхбат берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Жәбірленуші қыздың анасы істі Түркістан облыстық Полиция департаменті қарап жатқанын айтады.

«Дәретханаға тастап, өзі сыртынан өлгенін күтіп, күзетіп тұрған. Бетінің бәрі көгерген, қанталаған. Бір емес, екінші қызға шабуыл жасап жатыр. «Сені де дәретханаға тастап жіберейін бе?»,  деп айтқан сөзі де бар. Қазір орамал таққан адам көрсе, қорыққаннан арқама тығылады. Мал қораға апарып, әбден ұрған»,  дейді сарыағаштық әйел.

Оқиға болған күні 16 жастағы қыз кішкентай қызды құтқарып қалғанын айтып, анасына алып келген. Алайда  жәбірленуші қыздың шындығы басқа болып шықты.

«Көршінің қызы сүйреп алып келген. Үстінің бәрі боқ, алба-жұлба. Не болғанын сұрағанымда «дәретханаға түсіп кетті, мен қазір құтқарып алдым» деп айтты. Мен өзімнің қызымның аман қалғанына шүкір деп, соған қарап, оған мүлде мән бермедім. Бір кезде қызымды жуындырып, тазалап жатқанымда, ол дірілдеп, жылап жіберді. «Мама, Жазира мені дәретханаға тастады, бетімнен ұрды, мойнымнан тістеді, қылқындырды» деп айтты. Ол саусақ іздерінің бәрі медициналық сараптамадан табылды. Сосын мен сол қыздың үйіне барып, жай сөйлеспекші болдым. Қайын ағамыздың баласы Диас көріп қалып, құтқарып алған ғой. Бірақ бұл қыз өзінің құтқарғанын айтты. Қызымның үсті-басын тазалап болған соң, көрші қыз бен мамасы келді. Анасы сол қызының сөзін сөйлеп, ондай болуы мүмкін емесін айтты. Ал Жазира өзінің кінәсін мойындамады. Менің қызым олардың көзінше еш нәрсе айта алмады. Бірақ олар кеткен соң, оқиғаның қалай болғанын толық баяндап берді. 2-3 жасар қыз емес, мектепке баратын қыз. Бәрін түсінеді, біледі. Денесіндегі тістеген іздер әлі кетпеген. Психологиялық травма алды, Шымкентке невропатологке апарып келдім. Ми тамырында 3 жерде тромб бар деді. Қазір көшеге шығуға да қорқып қалдық. Көрші отырып, ағайынбыз дейін десем, бір емес, екінші адамға шабуыл жасап жатыр. Ертең мен қой демесем, үшіншісіне шабуыл жасайды. Бірақ өздерінің кішкентай балалары бар. Ауытқуы бар адам неге өз жақындарына тиіспейді? Бұл қызда ондай емес. Көршілердің балаларына тиісіп жүр»,  дейді кішкентай қыздың анасы.

Сарыағаш ауданы тұрғындарының айтуынша, 16 жастағы қыз хиджаб киген, әрі отбасында психологиялық ауытқуы бар адамдар болмаған.

«Біз ол кісілермен көршіміз әрі ағайынбыз. Бет жыртысуға дейін бардық. Кешірім сұрап келген еді. Бұлар «біздің қыз істемеген, жала жауып отыр» дейді. Негізі тергеу барысында жала жабу өте қауіпті нәрсе. Бұл жерде факт бар ғой. Қызымның үстінен сілекей іздеріне дейін шықты. Бұл істі Түркістан облыстық Полиция департаменті қарап жатыр. Сараптама нәтижесі бойынша, шизофрения диагнозы қойылған деп естіп жатырмыз. Шын мәнінде, сондай ауытқуы бар болса, неге емдетпейді? Неге өзінің бауырларына тиіспейді? Ауытқуы бар адам өз отбасына шабуыл жасайды ғой»,  дейді ол.