Карантин уақытында тұрмысқа шыққан Тамара Асар мәһрге не алғанын айтты (ФОТО)
Әнші алғашында тұрмысқа шыққанына ұялған
Танымал әнші Тамара Асар осыдан 4 жыл бұрын пандемия уақытында тұрмысқа шыққанын айтып, мәһрге көлік сұрағанын бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қыдырәлі мен Қарақаттың тойынан кейін ол өзінің тұрмысқа шыққан сәтін есіне алды. Бұл туралы желідегі парақшасында бөлісті.
«Кеше Қыдырәлі мен Қарақаттың тойынан кейін, Бапасы (жолдасым) «біз де той жасайық» деген ұсыныс айтты. «Тойларға аман-есен жете берейік! Қамбар мен Әлішерді үйлендірейік» дедім», – дейді Тамара Асар.
Ол тойының карантин уақытта өткенін айтып, мәһрге не сұрағанын да жасырмады.
«Біздің тойымыз карантин кезінде алты адаммен өтіп еді. Құдалыққа бес адам келді. Тұрмысқа шыққаныма қатты ұялдым. Әкемнің шаңырағында некеміз қиылды. Мәһрге машина сұрадым. Ол кезде ұялғанымнан ештеңе көрсете алмадым. Жолдасым өзі білмесе де, білетіндермен ақылдасып, барлық жоралғыны түгендеп әкелді. Енемнің туған сіңлісі бәрін реттеген. Пандемия кезіндегі тойымызды оқырмандарым да алғаш көріп отыр. Шабытым келсе, той үстіндегі қызықтарды айтып беремін», – деп жазды әнші.