Теміртауда металлургия комбинатында екі жұмысшы қаза тапты
Жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларына жан-жақты тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған
Қарағанды облысындағы Qarmet металлургиялық комбинатында екі адам көз жұмды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Компанияның хабарлауынша, 25 тамызда Теміртаудағы "Qarmet" АҚ нысанында ЛПЦ-2 (№2 листопрокат цехы) таңғы сағат 9:20 шамасында "Қазмеханомонтаж" ЖШС мердігерлік ұйымының екі жұмысшысы биіктен құлап кеткен. Олар химиялық ұстау блогы (ХҰБ) ғимаратының шатырын бөлшектеу жұмыстарын орындау кезінде техника қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған.
Екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмған.
"Qarmet" компаниясы қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларына жан-жақты тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлайды.
Қаза тапқан Д. Иманғалиев 19 жаста, Ю.Самойлов 38 жаста болған.
Бұдан былай, компания өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге бағыт алып, өз нысандарында қызметкерлерінен де, мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерінен де барлық қауіпсіздік нормалары мен ережелерін мүлтіксіз сақтауды талап етпек.